Хабар телеарнасы

Елордада таеквондодан жасөспірімдер арасында Қазақстан біріншілігі басталды. Спорт жаңалықтары

Сербияда бокстан әйелдер арасындағы әлем біріншілігі жалғасып жатыр. Кеше шаршы алаңға шыққан алты боксшымыздың бесеуі ширек финалға жолдама алды. Өкінішке қарай жартылай ауыр салмақта өнер көрсеткен Гүлсая Ержан қытай қызы Вансяо Мэнге жол беріп қойды. Назым Қызайбай бастаған төрт спортшымыз жұдырықтасады.

Чемпион шешуші ойында анықталады

Өскеменде волейболдан әйелдер арасындағы ел біріншілігінің финалдық ойындары өтіп жатыр. Сербиялық Марко Гршич жаттықтыратын «Жетісу» бірінші ойында 3:1 есебімен жеңіске жетіп, бас жүлдеге бір табан жақын тұрған. Қарымта ойында талдықорғандықтар табандылық танытқанда топ жаратын еді. Алайда жергілікті жанкүйерлер алдында жігер мінез көрсеткен алаң иелері 3:1 есебімен есе қайтарды.

Енді ел чемпионы өтетін шешуші матчта анықталады. Ал «Қуаныш» қатарынан екінші жыл қола жүлдеге қол жеткізді. Солтүстікқазақстандық волейболшылар үшінші орынды  Түркістанның «Тұранымен» сарапқа салды. Азамат Есімов жаттықтыратын клуб алғашында 3:1 есебімен жеңіске жетсе, одан кейінгі ойында да 3:0 есебімен айқын басымдылық танытты. Ал былтыр ел чемпионы атанған «Тұранның» биыл қоржыны бос қалды.

Таеквондо: ел біріншілігі басталды

Елордада таеквондодан жасөспірімдер арасында Қазақстан біріншілігі басталды. Бұл сынға 2011 және 2013-ші жылы туған спортшылар қатысуда. Еліміздің әр облысынан келген 814 үміткер 20 салмақ дәрежесі бойынша жүлделі орындарды сарапқа салады. 

Ел чемпионы атанған спортшылардың арасынан Фуджейрада өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысатын ұлттық құрама жасақталады.

Айта кетейік, елордадағы жарыс биыл бірінші рет салмақ дәрежесі бойынша өтіп отыр. Бұған дейін спортшылар бой ұзындығы бойынша сынға түсіп келген.

Нұрали Меңдіғали, жарысқа қатысушы:

- Мен Абай облысынан келдім. Жарысқа 33 келі салмағында қатысамын. Осы спортқа мен 4-5 жыл болды қатысқаныма. Сосын спортқа мені әкелген әке-шешеме және досыма үлкен рақмет. Өйткені досым мені кішкентай кезімде осы спортқа шақырды. Солардың арқасында мен осы жерде тұрмын.