Бастапқыда 30 қолөнер шебері қатысқан. Соның тек 11-і ақтық сынға жолдама алды.
Қошқармүйіз, арқармүйіз, сыңармүйіз. Бұл қолөнер шеберлерінің сырмақ пен текемет басқанда жиі қолданатын ою-өрнек түрлері. Шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар көздің жауын алады. Жасы 75-ке келген Күріш Қани алғашқы сырмағын небәрі 20 жасында тігіпті. Ісмер жан ұршығы мен инесін қолынан әлі де тастамайды.
Күріш Қани, қолөнер шебері:
- Ерте кезде қыздың жасауына беріледі екен. Кілем жоқ қой ол кезде. Кілем болмағандықтан мына киізді басып отырып, осындай сол сырмақ жасап, сырмақ береді екен қыздың жасауына. Мен енді өзі ойымда бар, 75-ші жылы үйленгеннен кейін ең алғаш сырмақ тіктім, сонда сол сырмақты 12 күнде бітірдім.
Күріш апай сырмақты қозының жүнінен басып, түйенің шудасынан иірілген жіппен көмкереді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Сырмақ Time» байқауына арнайы тігілген сырмақтар музей қорына тапсырылады.
Уәсилә Нұрмұхамбетова, ұлттық қолданбалы өнер орталығының жетекшісі:
- Мына біздің ұлттық қорымыз бар ғой, мына жәдігер дейміз ғой, соның барлығы көне. Олар 30-40 жылдан асты, 50-100 жылға дейін бар. Оның барлығы тозады, сол үшін қазір біз оның бәрін жаңартуымыз керек.
Бастапқыда байқауға қатысуға 30 үміткер өтініш беріпті. Алайда тек 11 қолөнерші облыстық байқауға жолдама алған. Ұлттық құндылықты жаңғыртып, төл өнерді кеңінен дәріптеуді мақсат еткен «Сырмақ Time» жобасы ары қарай да жалғасады.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев