Хабар телеарнасы

ШҚО-дағы ауылда көпсалалы аурухана салынып жатыр

Шығыс Қазақстан облысы Қасым Қайсенов ауылындағы емхана бесқабатты тұрғын үйдің екінші, үшінші қабаттарында орналасқан. Құрқылтайдың ұясындай дәрігерлік амбулаторияның жалпы аумағы 200 шаршы метрді құрайды. Жергілікті халық талай мәрте шағымданғандықтан, ескі емхананың жанынан көпсалалы аурухана салынып жатыр. Медициналық мекеме қашан пайдалануға беріледі? 

Қасым Қайсенов ауылындағы емхана бесқабатты тұрғын үйде орналасқан. Медициналық мекеменің аумағы үш бөлмелі пәтердің көлеміне шақ. Қуықтай бір бөлмесінде үш дәрігер науқастарды қабылдайды. Келген жұртқа тар жерде айналып жүру қиын. Сырт киімді шешетін орын да жоқ. Дәрігерлер үш ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр. 

Гаухар Сүлейменова, емхананың бас дәрігері:

- Қазіргі емханамыз стандарттық деңгейге сай келмейді. Дәліздері өте тар. Бізге тіркелгендер саны 8 мың болғанымен, біз жедел медицина қызметін көрсетіп жатамыз. 

Биыл қаралушылар да, дәрігерлер де осындай жайсыздықтан құтылатын болды. Ескі емхананың жанынан көпсалалы аурухана салынып жатыр.

 Қарлығаш Айтқазынова, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы:

- Емхананың жалпы дайындығы қазіргі таңда бізде 65%-ті  құрайды. Қазіргі таңда атап айтсақ, осы емхана ғимаратында ішкі әрлеу жұмыстары, қасбеттік жұмыстарды орнату бойынша атқарылуда. Құрылыстың аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың екінші тоқсанында жоспарлануда.

Мамандардың айтуынша, жаңа нысан жабдықталуы жағынан орталық емдеу мекемелерінен кем соқпайды. Рентген, эндоскоп, УЗИ аппараттары алынады. Ал дәрігерлер жайлы кабинеттерге ауысады.

Мағауия Қалиев, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин