Хабар телеарнасы

Абай облысында ядролық кластер жүзеге асырылып жатыр

Таяуда энергетикалық технологиялар саласындағы ғылыми әзірлемелер үшін пайдаланылатын зерттеу реакторын жаңғырту жұмыстары аяқталады.

Абай облысына сапары кезінде Премьер-министрге «Байкал-1» кешенінде жүргізіліп жатқан ядролық реакторларды зерттеу бағыттары жайлы баяндалды. Олжас Бектенов қолда бар әлеуетті ашуда және стратегиялық мәселені шешуде ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Бұрынғы Семей полигоны аумағын тікұшақпен аралау кезінде Үкімет басшысы «Балапан» сынақ алаңы нысандарын, оның ішінде «Атом көлі» мен шахталық іске қосу қондырғыларын қарап шықты. Осылайша Премьер-министр Мемлекет басшысының энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру жөніндегі берген тапсырмаларының жүзеге асырылуын бақылап қайтты.

Ержан Қашықбаев, ҚР ҰЯО Атом энергия институты зертханасының басшысы:

- Қазіргі кезде әлемде термоядорлық реакторлар салынып жатыр. Бірақ энергия шығарып жатқан термоядорлық реактор жоқ. Францияның Кадараш қаласында ИТАР деген термоядорлық реактор салынып жатыр. 2035 жылы іске қосу жұмысы жоспарланып отыр. Біздің мақсатымыз – сол ИТАР-дың бірінші қабырғасының материалдарын жоғары температурада зерттеу.