«Қызыл кітаптың» бесінші басылымы жарық көреді
Елімізде «Қызыл кітаптің» бесінші басылымы жарық көреді. Оған Қазақстанда мекендейтін 217 жан-жануар еніп отыр.
Бұл туралы Қазақстанның Қызыл кітабының жаңа нұсқасын дайындап жатқан Зоология институтының өкілдері мәлімдеді. Осы жолы тізім жыртқыш құстармен және қандаланың кейбір түрімен толықты.
Бұл жолы «Қызыл кітапқа» енгендердің қатарында ақбас құмай мен құмай құс бар. Оған қоса, қамыс мысығы, қара лашын және шаянның үш түрі ерекше қорғауға алынды. Осылайша соңғы басылымға сирек кездесетін жан-жануардың 11 түрі кірді. Ғалымдар әсіресе қамыс мысығының саны азайып кетті, - деп алаңдап отыр. Ал санының көбеюуіне байланысты жан-жануардың 19 түрі тізімнен алынып тасталды. Олардың дені жәндіктер. Оларға әзірге қауіп төніп тұрған жоқ.
Роман Ященко, Зоология институтының бас директоры:
- Оған қоса біз өсімдіктер мен жан-жануарлардың қалай аталатыны туралы тізімді жаңарттық. Өйткені біразы ескіріп кеткен. Қазір олай аталмайды. 59- ның атауын нақтыладық. Қазақ тілінде терминологиялық комиссия құрылып, жұмыс істеді. Айта кетсем, «Қызыл кітап» тек қана жойылып бара жатқан аң мен өсімдік және жәндіктердің тізімін жинақтап қана қоймайды, оған қоса құқықтық мәртебесі бар құжат саналады.
Кітап қазақ және орыс тілінде жазылған. Онда сирек кездесетін аң мен құстың, жан-жануардың мекендейтін картасы көрсетіліп, айрықша қорғалады. «Қызыл кітапқа» жануар түрін енгізу немесе алып тастау Зоологиялық комиссияның құзыретінде.
Перизат Есенбекова Зоология институтында ұзақ жылдан бері еңбек етеді. Қызыл кітапқа оның бастамасымен қандаланың 3 түрі енгізіліпті. Бұл адам талайтын қандала емес, табиғаттағы зиянкестерді жоятын түрі екен.
Перизат Есенбекова, Зоология институтының ғылыми қызметкері:
- Ол жыртқыш болғаннан кейін зиянкес жәндіктермен қоректенеді. Оның табиғатқа пайдасы өте көп. Көк зикронаны алатын болсақ, ол өсімдіктерде тіршілік етеді. Далалы, таулы жерлерде, шөптесін өсімдіктерде тіршілік етеді. Қандыағаш қандаланы алатын болсақ, ол ағаштарда да, шөптесін өсімдіктерде де кездеседі. Бұл түрлерді «Табиғи биоқорғаушылар» деп атауға болады.
Алғаш рет Қазақстанның «Қызыл кітабы» 1978 жылы шыққан. Бұл бесінші басылым. Ол араға 16 жыл салып әзірленіп жатыр. Ғалымдардың пайымдауынша жан-жануарларды қорғауда «Қызыл кітаптың» пайдасы зор. Мысалы, соңғы жылдары елімізде тоғай бұғысы, арқар мен қарақұйрықтың саны едәуір өскен. Жаңа басылым келесі айда жарық көреді.
Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон