Қонаевтағы ретро-автокөліктер мұражайы жаңа коллекцияға толықты
Қонаев қаласындағы ретро-автокөліктер мұражайы жаңа коллекцияға толықты. Салонының қожайыны Мұрат Сіргебаевтың табанды еңбегінің арқасында ескі техникалар қалпына келтіріліп, келушілердің көзайымына айналып жатыр. Қазір ондағы көліктің саны жүзден асты. Мұражайға жалпы саны 60 автокөлік пен 46 мотоцикл қойылған. Ескі темір тұлпарлардың алды 1937 жылы өндірілген.
Қонаев қаласының тұрғыны Мұрат Сіргебаев мұражайдағы әрбір техниканың тарихын бес саусағындай жақсы біледі. Өйткені оларды ширек ғасырдан бері жинап, қайта қалпына келтірумен айналысып келеді. Ол үшін шағын техникалық қызмет көрсету стансасын ашқан. Мақсаты – кеңестік кезеңде шыққан техникаларды бір мұражайға топтастыру.
Мұрат Сіргебаев, қала тұрғыны:
-Біз қазір мұражайда жоқ көліктерді іздеумен айналысып жатырмыз. Соңғы кезде жеті көлікті қайта қалпына келтірдік. Оларды металл қабылдайтын орындардан тауып алып, ортасынан кесіп, бір метрге ұзарттық. Мұндай автокөліктер еш жерде жоқ.
Ретро-автокөліктер мұражайынан «Волга», «Москвич», «Кадиллак», «Запорожецтерден» бастап, кеңестік кезеңдегі милиция мен жедел жәрдем көліктерін көруге болады. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев мінген «Чайка» автокөлігі де осында тұр. Мұнда раритет техникалармен қоса өткен ғасырда қолданылған ыдыс-аяқтар мен өзге де құнды жәдігерлер қойылған. «Бұл бүкіл бір дәуірдің тарихы. Оны сөзбен айтып жеткізу қиын. Одан да осында келіп, көзбен көрген дұрыс»,– дейді Мұрат Сіргебаев.
Мұрат Сіргебаев, қала тұрғыны:
-Бастапқыда «Қалай болар екен?» деп қобалжығанымыз рас. Отбасым мен ұжымдастарымның үлкен түсіністікпен қарауының арқасында ойға алған ісіміз сәтті жүзеге асты. Енді мұражайға біртіндеп әскери техникаларды әкеліп қойып жатырмыз. Мұнда келушілер болашақта ұшақтарды да тамашалай алады.
Қала қонақтары ретро-автокөліктер салонындағы әрбір раритетті қызыға тамашалайды. «Алматы – Өскемен» тас жолының бойында орналасқандықтан, мұнда ат шалдырып, аялдайтын жолаушылар да өте көп.
Алмас Мұхаммедиев, Талдықорған қаласының тұрғыны:
-Талдықорғаннан Алматыға қарай өтіп бара жатып, осы музейді көріп, жолдан тоқтап, ішіне кіріп көріп жатырмыз. Мына бұрынғы совет үкіметіндегі машиналар, документтер, соның бәрін көріп, аралап жүрміз. Әсеріміз жақсы.
Ретро-автокөліктер салонының қожайыны мүгедектігі бар азаматтардың өз кәсібін дөңгелентуіне көмектесіп тұрады. Ол жақында омарташылықпен айналысатын азаматтардың біріне «ЗИЛ» автокөлігін тіркемесімен сыйға тартты. Ал көктемгі су тасқыны кезінде апаттан зардан шекккен өңірлерге ауыр техникаларды жіберуге атсалысты.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов