Сюжеттер

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының отырысы өтті

Dinder sezi Dinder sezi

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі Нұр-Сұлтан қаласында 2021 жылдың маусымында өтеді.

Бұл жайында съез хатшылығының 18-отырысында айтылды. Ал келер жылдың наурыз айына дейін делегаттар басқосуда талқыланатын тақырыптарды ұсынулары қажет.

Құран мен библиядан алынған үзіндінің қатар тұрғанын кезіктіру әрине екіталай. Бірақ қазақ елінің астанасы 16-шы жыл қатарынан киелі кітаптарды ғана емес түрлі дін өкілдерін бір үстел басына жинап, бейбіт пен келісімге шақырып келеді. Отырыстың Бейбітшілік және келісім сарайында өтуі де осының бір дәлелі. Айта кету керек, Сенат төрағасы Дариға Назарбаева хатшылықтың биылғы отырысына алғаш рет төрағалық етіп отыр.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу идеясының авторы болды. Өткен жылдары Қазақстанның орасан зор ядролық қару арсеналынан бас тартуына бастамашы болған, бүкіл әлем мойындаған бітімгер, тәуелсіздік жылдары ішінде өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықтың тірегіне айналған елдің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын ең ірі әлемдік діндер мен конфессиялардың басшылары қолдады. Оның конфессияаралық ашық диалог өткізу туралы идеясын сол сәтте барша әлем қызу қолдады.

Тілі мен діні бөлек болғанымен, көздеген міндеттері ортақ. Ол – әлемдегі келісім тұрақтылығын нығайту. Бейбіт бастамалар елорда төріне келген 19 мемлекеттің дін өкіліне түсінікті болу үшін аудармашыларға да ауыр жүк артылды.

Қазақ елі – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басын қосып, түйткілді мәселелерді талқылайтын жаһандағы бірегей орын. Мұны жиынға қатысқандар да мойындап отыр. Берген бағалары жоғары.

Димитрий Сафонов, орыс православие шіркеуінің өкілі:

- Мұндай диалог алаңының әлемде баламасы жоқ деп айта аламын. Дінбасылары кездесіп, бір үстел басында өзекті мәселелерді талқылайтын өзге орын жоқ. Бұл бағытта Қазақстанның рөлі өте маңызды. Мен сіздердің елдеріңіздің басшылығына, орыс православтарына ерекше көңіл бөліп, қолдап отырғандығына алғысымды білдіргім келеді.

Иә, әлемнің кей елдерінде келісім орнамай, ұрыс-керістер болып жатқанда, Қазақстан бейбітшіліктің кілтін тауып, өзге ұлттардың өз мәдениеті мен дінін сақтауға үлкен қолдау көрсетіп келеді.

Ян Ки Хун, джаынса храмының директоры:

- Шындығын айту керек, қазір көбі исламды «терроризм» деп қабылдайды. Бірақ бұл дұрыс емес. Осыны мен Оңтүстік Кореяға барғанда өз отандастарыма түсіндіріп айтамын. Ең бастысы, қай елде тұрсаң да өз дініңмен шектеліп қалмай, жергілікті халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін де ғұрыптау қажет. Сонда ғана бейбітшілік пен келісім болады.

Серікбай қажы Ораз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

- Қандай діни-таным, түсініктер болмасын баршаның үндестігі, мақсаты бір арнаға келіп тоғысады. Ол – тыныштық, бейбіт өмір, өзара сүйіспеншілік пен мейірімділік. Сондай-ақ жалпы ортақ мәселе – адамзаттың өркениеті мен дамуы.

Жиын барысында қатысушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің қорытындылары бойынша пікір алмасты. Бұдан өзге съездің гимнін жазу ұсынылды. Ол бастаманы Үнді мәдениеті орталығы көтерді.

Марат Әзілханов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары:

- Осы съездің гимні неге болмасқа?! Оны қазақ авторлары шығарып, ұсынса қалай болады деген ойлар да болды. Жалпылай қолдау тапты. Енді оны жүзеге асыру жұмыс тобының аясында өтетін болады.

Сонымен қатар отырыста Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезін өткізу бойынша ұсыныстар айтылды. Бұл жиын 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласында маусым айында өтеді деп жоспарланған. Ал келер жылдың наурыз айына дейін делегаттар басқосуда талқыланатын тақырыптарды ұсынулары қажет.

Авторлары: Риат Шони, Ерсін Мұханбеталин