Қасиетті Құрбан айт 28 маусымда басталады
Бұл күні жамағат Алланың разылығы үшін құрбандық шалуға асығады. Алғашқы күні айт намазынан бастап, 30 маусым кешкі Ақшам намазына дейін түліктерді сойып, етін таратуға болады. Яғни осы уақыттан тыс құрбан шалуға болмайды. Жалпы құрбандық шалудың ережелері қандай және мереке қалай атап өту керек?
27 - Арапа күні. Ал 28-маусымнан бастап Айт мерекесі үш күн тойланады. Бұл күндері жасалатын игі істердің ең абзалы – құрбан шалу. Ханафи мәзһабы бойынша Құрбан шалатын адамның ақыл-есі бүтін, балиғат жасына толған, мұсылман болуы керек. Сонымен қатар негізгі қажеттіліктен тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы тиіс. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе 1 млн 400 мың теңге.
Кенжетай Дүйсенбай, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти кеңесшісі:
- Егер бір отбасының асыраушысы ер адам ғана болса, оның шалған құрбандығы тұтас отбасының атынан есептеледі. Ал ерінен бөлек әйелінің де табысы, күнкөрісінен тыс артық мөлшерде дүниесі болса, ол да өз атынан құрбан шалуы тиіс.
Құрбандық шалуға ниеттенген кісі малды қарызға алуына болмайды. Тиісінше ол жолаушы болмауы керек. Діни басқарма ел азаматтарына, қолайлы жағдай жасау үшін qurban2023.kz сайтын іске қосқан.
Мақсатбек Қайырғалиев, ҚМДБ жанындағы «Зекет» қорының директоры:
- Аталған сайтқа құрбан шалу үшін тапсырыс беруші тиісті өтініш қалдыра алады. Кейіннен Құрбандық шалынғандығы туралы есеп видео ретінде тапсырыс берушінің Whats App нөміріне жолданатын болады. Сондай-ақ сайтқа мұқтаж жандар да тіркеліп, шалынған құрбандық етін алу үшін онлайн түрде өтініш толтыра алады. Нәтижесінде шалынған құрбандық еттерін еріктілер өтініш қалдырған мұқтаждардың сайтта көрсеткен мекенжайы бойынша жеткізіп беретін болады.
Айта кетейік, Құрбандыққа барлық мал жарай қоймайды. Тек қой, ешкі, сиыр, түйені союға болады. Бес жасар түйені 1-ден 7 адамға дейін бірігіп шалуға рұқсат бар. Екі жасар ірі қара малда да дәл солай. Ал бір жасар қой не ешкіні бір адам ғана шалады.
Сондай-ақ бұл малдар соқыр, ақсақ, тым арық болмауы керек. Желіні кепкен, көп тісі жоқ, мүйіздері сынған, құйрығы мен құлағының үштен бір бөлігі кесілген, лас нәрсемен қоректенген малдар да құрбандыққа шалынбайды.
Айта кетейік, мамандар: «бұл күндері садақа беріп, жақсылық жасау да абзал»,- дейді. Сондықтан мұсылмандар мерекесін сауапты істерге толы өткізуге шақырады.