«Хабар» арнасынан 21 қашқынды жалғыз тоқтатқан бүгінгінің батыры туралы фильм көрсетіледі
Негізі бір өзі талайды жайратып салатын батырлар туралы біз көбінесе аңыз-ертегілерден естиміз. Бірақ ондай ержүректер ортамызда да жүр. Ербол Отарбаевтың ерлігі есіңізде болар. «Хабар» Агенттігі сол бүгінгінің батыры жайлы фильм түсірді.
Айбар Төлжанұлы, тілші:
- Көзі қарақты көрермен, әсіресе «Қандай мықты фильм көруге болады?» деп жүрген ағайын, берірек отырыңыз. Былтыр «Хабар» Агенттігі еліміздің Ұлттық ұланы мен «Аю синема» компаниясымен бірлесіп «Алтыншы бекет» фильмін түсірген болатын. Ол туралы біз осыған дейін айтқанбыз. Енді міне, бүгін – көптен күткен фильмнің алдын ала көрсетілімі.
Фильм осыдан сегіз жыл бұрын әскерде өз борышын өтеп жүрген Ербол Отарбаев туралы. 2010 жылдың 21 маусымы. Ерболдың өмірі өзгерген күн. Өзі қарауылдайтын Ақтаудағы түрмеден 21 жазасын өтеуші қашпақ болады. Бірақ Ербол Отарбаев жалғыз өзі сол 21-ге қарсы тұрады. Мұндай ерлікке екінің бірі бармасы анық. Біріншіден, түрмеде отырған адамдар, яғни бұрынғы қылмыскерлер. Екіншіден, қашпақ болған 21 адамның барлығы – діни экстремизмге қатысы барлар. 21-ді тоқтатқан жалғыздың ерлігі – нағыз патротизм, нағыз қайсарлық, өжеттік.
Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары:
- Бұл әскери тақырыптың таңдалу себебі бұл тәуелсіз Қазақстанда, өзіміздің Ақтау қаласында күнделікті әскери міндетін атқарып жүрген қарапайым сарбаздар мен сардарлардың басынан өткен шынайы оқиға болғандықтан таңдалды. Әрине, қазір елімізде көптеген сериал мен толықметражды фильм түсіріліп жатыр. Бірақ онда бүгінгі заманның қаһармандарын, бүгінгі заманғы қарапайым ерліктерді көрсету өкінішке қарай, аз. Сол себептен біз отандық сериалды, киноөндірісті дамытуға атсалысып жатқан үлкен ұлттық арна ретінде осы шынайы оқиғаны таңдап алу жөн деп шештік. Сондай-ақ бұл толықметражды фильм – биыл «Хабар» Агенттігі жоспарлап отырған екі үлкен премьераның бірі. Осы 15 наурыздан бастап «Алтыншы бекет» фильмі кинотеатрларға шығатын болса, наурыз айының соңында «Батырлар жолы» деп аталатын біздің батыр бабаларымыздың ерлігін насихаттайтын, жас ұрпаққа үлгі болатын тағы екінші жобамыз жоспарлануда. Осы екі толықметражды фильм де кинотеатрларда, Қазақстан аумағында көрсетіліп біткеннен кейін «Хабар» арнасының көрермендері сериалдық нұсқасын тамашалай алады. «Алтыншы бекет» фильмінің көрсетілімі тек қазақстандық кинотеатрларда емес, отандық премьера біткеннен кейін Ресейдің 5 қаласында бірнеше кинотеатрда көрсетіледі жоспарлануда. Тағы бір айтатын ерекше дүние, фильмнің басты кейіпкері ерлік жасаған Ербол бауырымыз 1991 жылы Тәуелсіздік күнінде туған азамат екен. Сондықтан бұл тәуелсіздік кейіпкерлерінің ерлігін, батырлығын жас ұрпаққа насихаттайтын шынайы фильм, картина деп есептейміз.
Айбар Төлжанұлы, тілші:
- Айта кетейік, «Алтыншы бекет» көркем фильмінен бөлек телесериал да түсірілген. Фильмнің 5 сериалы нұсқасын алдағы уақытта біздің арнадан тамашалай аласыздар. Мұның бәрі – эфир толтыру үшін не болмаса көк экранды көріп отырған көрерменнің көңілін көтеру үшін емес, ерлікті, патриотизмді насихаттайтын, жастарға өнеге, көпке ой салу үшін жасалған дүниелер. Сондықтан бұл фильм басқалардан өзгерек, оны көретұғын көз керек. Құрметті көрермен, қапы қалмаңыздар! Біз айттық, сіз көріңіз. Фильм барлық кинотеатрдан көрсетілетін болады.