«Хабар» Агенттігі қызықты бағдарламалар мен тартымды тележобалардың жаршысына айналды
Оған ертең салтанатты түрде басталатын Қысқы Олимпиада ойындары дәлел. Біздің арнамыз Пенчханнан тікелей трансляция жүргізіп қана қоймай, ондағы түсірілім тобы соңғы жаңалықтармен алғашқылардың бірі болып бөлісіп отырады. Ал телеарналар ішінде телехикаялар түсіру үрдісінен Агенттіктің алдына жан салмай келе жатқаны анық.
Арна мамандар даярлау ісіне де ерекше ілтипат танытып келеді. Былтыр Агенттік қызметкерлерінің 70 пайызы біліктілігін жетілдірді. Бүгін еліміздің басты арнасының басшылығы өткен жылда істелген жұмысты қорытындылап, 2018 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.
Отандық телеиндустрияның көшбасшысы. «Хабар» Агенттігі – бүгінде 4 телеарнаның жай ғана жиынтығы емес, көрермен көзайымына айналған ең қызық жобалар мен үздік бағдарламалардың жаршысы. «Хабар», «Хабар 24», «Kazakh TV» және былтыр ғана ашылған «Ел Арнада» тың дүниелер жетіп артылады. Әлеуметтік тақырыптағы ток-шоу, сериалдардан бастап, саяси-экономикалық сараптама, деректі фильмдер мен шоу-бағдарламалар негізгі контенті. Айтпақшы, былтыр ондай дүниелерге көрермен жан-жақты қанық болды. Мәселен, «Хабар» арнасының тапсырысымен 14 сериал түсірілген. Бұл үрдіс биыл да жалғасын таппақ.
Бұл – көрермендер тағатсыздана күтіп жүрген «Батырлар жолы» тарихи сериалынан үзінді. Келер айда экранға шығады. «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен «Алтыншы бекет» деген тағы бір сериал түсірілді. Екеуі де наурызда толықметражды фильм ретінде отандық кинотеатрлардан да көрсетілмек. Бұдан бөлек «Хабар» төрт жылдың байрақты бәсекесі Кореяда өтетін Ақ Олимпиада сайыстарын ұсынады. Барлығы 208 сағат трансляцияланса, оның 136-ы тікелей эфирде.
Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрайымының орынбасары:
- Жалпы биылғы олимпиадалық эфир Қысқы, Жазғы Олимпиадаларды қосқанда біздің Агенттік үшін мерейтойлық оныншы Олимпиада болып табылады. Биыл да біз дүбірлі додадан Қазақстан аумағында хабар тарату құқығын иелене отырып, отандық спортшылар қатысатын 9 спорт сайыс түрін көрермен назарына ұсынбақшымыз. Жалпы алғанда «Хабар» арнасының эфирінде 100 спорттық трансляция көрсетіледі. Оның басым бөлігі тікелей эфирде болады.
Өткен жыл «Kazakh TV» үшін де айтулы. Бірден үш тілде хабар таратын жаңа форматқа көшті. Биыл тағы екі қосымша дыбыстық жолдар қосу жоспарда бар. Ал «Хабар 24» эфирінен былтыр барлығы 37 мыңнан астам жаңалық өткен. 2016 жылмен салыстырғанда 4,5 мың материалға артық. Арна тілшілері мыңға тарта тікелей қосылымға шыққан. Тіпті шетелден де тікелей байланысқа шығу тәжірибесі жиіленіп келеді. Айта кету керек, арнаның әлемдегі тілшілер қосыны 2017 жылы Ташкентпен толықты.
Арман Сеитмамыт, «Хабар 24» арнасының директоры:
- Біздің шетелдегі тілшілер қосыны да жыл санап артып келеді. Қазір олардың жалпы саны 17-ге жетті. Біздің шетелдегі тілшілеріміз Шығыс Азияда, Батыс Еуропа мен Шығыс Еуропада, Таяу Шығыста, Оңтүстік және Солтүстік Америкада. Халықаралық APTN агенттігімен келісімшарт бойынша біздің тілшілер шетелден де тікелей эфирге шығып жатыр. Былтыр олардың саны 60 болды. Биыл да біздің шетелдік тілшілер сол «Эпитиянмен» келісімшарт арқылы тікелей эфирге шығуды жалғастырып жатыр.
Бұл биылдық жоспардың бір парасы ғана. Қызықты бағдарламалар мен тартымды тележобалар әлі алда.
Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Бекболат Базаров