Ерлан Игісінов: «Хабар» – ең сапалы өнімдерді көрсететін агенттік
- «Хабар» телеарнасының көктемгі маусымға дайындық барысында алға қойған мақсаттары қандай?
Ерлан Игісінов, «Хабар» телеарнасының директоры:
- «Хабардың» алға қойған басты мақсаты – көрерменге өзекті, қызықты болу. Бұл ұстаным өзгерген жоқ. Себебі «Хабар» – ең сапалы өнімдерді көрсететін ақпарат құралы. Бұл маусымды «әлеуметтік бағыттағы маусым» деуге болады. Эфиріміз «Спасатели» және «Спасаем жизни» деген әлеуметтік жобалармен толықты. «Спасатели» бағдарламасында көрермендер әртүрлі оқыс жағдайлардан аман қалған кейіпкерлердің оқиғасына куә болады. Деректі фильмде адам өмірін құтқарушылардың жұмысы еш боямасыз, шынайы көрсетіледі.
Ал «Спасаем жизни» жобасының басты қағидасы – «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық даналығы. Яғни шығармашылық ұжым денсаулықты күтудің жолдарын жеңіл және түсінікті тілде жеткізеді. Сондай-ақ біздің аудиториямызға жақсы таныс «Мечты сбываются» деген хабарымыз да жалғасуда. Жобада балалар үйінде тәрбиеленушілердің тағдыры мен армандары туралы айтамыз, мақсатымыз – көмек сұрау емес, тек балалардың тілегі орындалса деген ниет.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Символы нашей родины» танымдық жобасы, «Тарих. Тағдыр. Тұлға» бағдарламасы көрерменге жол тартты. Бұл – Майя Бекбаева жүргізетін «Тайны. Судьбы. Имена» бағдарламасының қазақша нұсқасы. Жүргізушісі – Сырым Қашқабаев. Хабар эфирге шыққан бірнеше жылдың ішінде көптеген кейіпкер туралы айттық, енді қазақ тілінде жеткізгіміз келеді. Ал «Тайны. Судьбы. Имена» жобасы әлемдік тарихта ізін қалдырған қазақтар туралы сөз етеді. Шығармашылық ұжым ұзақ уақыт зерттеу жүргізіп, сан алуан дерек жинайды. Сондықтан жобаны көргендер қызықты ақпараттарды білетін болады.
Көктемгі маусымдағы тағы бір жаңалығымыз, «Жаңа күн» бағдарламасы енді күнделікті қазақ тілінде, тікелей эфирде «Таңғы Хабар» деген атаумен шығып жатыр. Азаматтарымыз таңғы сағат 08:00-09:00 аралығында тікелей эфирге хабарласып, өздерінің ойларын білдіретін интерактивті алаңға айналды.
Арнамыздағы жаңалықтар қашан да өзекті болып қала береді. Біз жаңалықтарды сараптап, шынайы етіп береміз. Телеотбасымыздағы «Хабар 24» арнасы әр сағат сайын оқиға орнынан жаңалықтар беріп тұрса, «Хабар» тілшілері күн соңында журналистік зерттеу жасап, ауқымды етіп көрсетеді.
«Хабар» – телехикаялар түсіру жағынан алдыңғы қатарда тұрған арналардың бірі. Осы көктемде көрермендер «Өз үйім», «Время» және «Алтыншы бекет» картиналарын тамашалайды. «Алтыншы бекет» фильмін еліміздің барлық кинотеатрында көрсеттік, әлеуметтік желілердегі оң пікірлерге қарап, көрерменге ұнады деген ой түйіп отырмыз. Көрермендерімізді америкалық телехикаялармен де қуантпақпыз. Сол себепті әлемге танымал «Черный список» деп аталатын детективті дүйсенбі-жұма аралығында көрсетіп жатырмыз.
- Көктемгі эфирде қандай формат күтілуде?
Ерлан Игісінов, «Хабар» телеарнасының директоры:
- Бұл көктемгі маусым болғандықтан көп өзгеріс енгізбейміз. Жаңа формат ретінде «Кім мықты?» жобасын айтуға болатын шығар. Мұндай бағдарлама қазақстандық телевизияда болмаған. Біз алғашқылардың бірі болып әртүрлі жастағы адамдар арасында сайыс өткіземіз. Онда 16-25 және 45-65 жас аралығындағы екі кезеңнің өкілдері өзара жарысқа түседі. Бұрын да, қазір де әкелер мен балалар әртүрлі тілде сөйлесетін. Жаһандану мен ақпараттық технология уақытында бұл мәселе өрши түскен сияқты. Мысалы, ересек адамдар заманауи технологиялар, гаджеттер туралы білмейді, ал жастар Шәкәрімді оқымаған болуы мүмкін. Жобаның мақсаты – жастар мен үлкендер арасындағы айырмашылықты, екі жақтың көзқарасы, ойы, түсініктері мен басқа да ерекшеліктерін көрсету. Бағдарлама барысында жас буын өкілдері классикалық өнер, тарих пен мәдениетімізді тереңірек тани түссе, аға буын қазіргі замандағы озық техника мен заманауи мәдениетті меңгереді. Біз ұрпақтардың бір-бірінің өміріне деген қызығушылығын білгіміз келеді.
- «Алтыншы бекет» картинасы кинотеатрларда көрсетілді. Телехикаялар түсіретін арна неліктен толықметражды фильм көрсете бастады? Әрі қарай жалғастыру ойларыңызда бар ма?
Ерлан Игісінов, «Хабар» телеарнасының директоры:
- «Хабар» үшін бұл жаңашылдық болды. Көрерменнің қызығушылығын арттыра түсу мақсатында «Аю синема» компаниясы және Ұлттық ұланмен бірге «Алтыншы бекет» фильмін үлкен экранда ұсындық. Дәл осы картинаны таңдауымыздың басты себебі – тақырыбы өте қызық және маңызды. Туындыда өзінің батылдығымен Отанға деген махаббатты және патриоттық сезімді көрсете білген адамның өмірі суреттеледі. Аталмыш картинаның телехикая нұсқасын «Хабар» арнасының көрермендері 7-11 мамыр аралығында тамашалайды.
- Әлемдік телеиндустрияда көрерменнің телехикаяларға деген қызығушылығы артқандығы байқалады. Жыл сайын ең ірі компаниялар түрлі жанрдағы жобаларды дайындап жатыр. Қалай ойлайсыз, бұл телевизия саласының дамуы ма, әлде уақытша нәрсе ме? Қазақстандық көрерменнің отандық телехикаяларға деген қызығушылығы қандай?
Ерлан Игісінов, «Хабар» телеарнасының директоры:
- Өте маңызды сұрақ. Жалпы біз ешкімнен кем емеспіз, әлемдік деңгейдегі телехикаялар түсіру үшін көп жұмыс жасап жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, «Хабар» Агенттігі – тарихи және өмірбаяндық телехикаялар түсіретін Қазақстандағы жалғыз компания. Біз Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығы туралы «Ән - Аға», Күләш Байсейітова туралы «Күләш», Бауыржан Момышұлының ерлігі мен батылдығы жөнінде «Бауыржан Момышұлы» сынды көптеген жоба түсіріп, Отанға деген сүйiспеншiлiктi, тарихымыз бен өткенімізді ұмытпаудың маңызын насихаттаймыз.
Көрерменнің қызығушылығын арттыра түсу үшін әртүрлі жанрдағы туындыларды ұсынғымыз келеді. Бұрын тек драма, мелодрама және комедияға көңіл бөлсек, өткен жылдан бастап «Тергеушілер» сынды детектив жанрындағы хикаяларды ұсына бастадық және форматтық оқиғаларды сатып алудамыз. Былтыр «Тергеушілер» мен «Абзал жан» телехикаясын алып, қазақстандық көрермен үшін ыңғайлап жасадық. Бұл да қазақ телехикаясы тарихында жаңашылдық болды. Осы жылы тағы да детектив жанрында екі туынды түсіреміз деп жоспарлап отырмыз.
- Осы жылы қазақ телевизиясының 60 жылдығын тойлап жатырмыз. Сіздің ойыңызша, 60 жыл бұрын жасалған жұмыстардың заманауи телевидиниеге қаншалықты әсері болды? Бүгінде телевизия ардагерлерінің тәжірибесін қолданасыздар ма?
Ерлан Игісінов, «Хабар» телеарнасының директоры:
- Осыдан 60 жыл бұрын қазақ телевизиясының іргесін қалаған адамдар, әлі күнге дейін жалғастырып келе жатқан ардагерлеріміз «телевизия» деген түсініктің негізін салды. Олар алғаш рет тікелей эфирге шығып, телевизияның қыр-сырын үйретті. «Хабар» Агенттігінде біз үшінші буын өкілдері шығармыз. Бізде ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, үлкен буын жастарға орын беріп, қолдап отыратын игі дәстүр бар. Мұны мақтанышпен айтқым келеді. Қазақ телевизиясының 60 жылдығы кезінде ардагерлеріміз Ақпарат және коммуникациялар министрінің қолынан медальдар алды. Олардың сүбелі үлесінің арқасында телевизияның не екенін білдік, бүгінгі телевизияның жетістігі – сол кісілердің еңбегінің нәтижесі.
- Жарқын болашақ туралы айтар болсақ, Қазақстан және әлемдегі телевизия саласында қандай тенденциялар күтілуде?
Ерлан Игісінов, «Хабар» телеарнасының директоры:
- Қазіргі таңда қазақстандық телехикаяларға деген қызығушылықты байқап отырмыз. Мысалы, өткен жылы «Хабар» телеарнасында көрсетілген «Қария» телехикаясының үлесі 5,0% болса, «Мезгілсіз махаббат» комедиясының үлесі 5,4%-ды көрсетті (TNS Central Asia деректері бойынша). Ал YouTube сайты арқылы тамашалағандар саны 2 миллионға жуық. Бұл – көрермендеріміздің отандық туындыларға жоғары сұранысының бірден-бір дәлелі.
Әрине, жыл өткен сайын интернет-аудиторияның саны артып келе жатқандығын түсінеміз. Сол себепті khabar.kz сайтында және YouTube желісінде арнаның барлық бағдарламасы мен жобасын тамашалауға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар әлемдік деңгейдегі бағдарламалардың форматтарын сатып алу үрдісі Қазақстанда да байқалуда. Біз де үрдістен қалыс қалмай, алғашқылардың бірі болып сол бағытта жұмыс жасаудамыз. Мысалы, «Биле, Қазақстан!», «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламаларын айтуға болады және осы жылдың күзінде тағы бірнеше қызықты жобаларды көрсетуді жоспарлап отырмыз.
- Тың жаңалықтарға толы сұхбатыңызға рахмет! Істеріңізге сәттілік тілеймін!