«Kazakh TV» арнасы қырғыз тілінде хабар таратады
Бүгіннен бастап телеарна қырғыз тілінде хабар тарата бастады. Ал жыл соңында өзбек тілімен толығады. Осылайша отандық жерсеріктік телеарна Орталық Азияның ақпараттық кеңістігін жауламақ.
Нұрай Қайратова Алатаудан Астанаға ат басын тіреді. Ол – телеарна өнімін қырғыз тіліне аударатын редакторлар қосының мүшесі. Бүгін кезекті танымдық бағдарламаны өз ана тілінде дыбыстады.
Нұрай Қайратова, редактор:
- Мәтінді оқып жатқанда қызық болғаны сонша, ішіне кіріп кетемін. Менің Қырғызстанда да көреремендер пайда болады деп есептеймін. Қазақстандағы ежелгі естеліктер әбден таңғалдырды. Мысалы Қожа Ахмет Ясауи, Айша бибі сияқты естеліктер мен үшін жаңалық болды.
Қырғыз әріптестер күнделікті жаңалықтармен қоса мұрағаттағы материалдарды да қырғызша сөйлете бастады. Қазірдің өзінде 450-ден астам жоба манас тілінде дыбысталды. «Бұл үрдіс екі елдің мәдени байланысын бекемдей түседі», – дейді редакторлар.
Диналиана Джунушева, редактор:
- Біз арқылы жасалып жатқан жұмыстардың барлығы шындығында екі елді, яғни қазақ пен қырғыз елін біріктіреді, ынтымақтастырады. Біз бағдарламаларды қарастырып, даярлап жатқан кезде тарихымыз тығыз байланысты екендігін сезіп тұрдық.
«Kazakh TV» – әлемнің 120-дан астам еліне хабар тарататын халықаралық көпарналы телеарна. Оның шекарасы жыл сайын кеңейе береді. Түпкі мақсат – Орталық Азия елдерін тұтас қамту.
Сандуғаш Рахымжанова, «Kazakh TV» телеарнасының директоры:
- Біз мұнымен тоқтамаймыз, осы күзде тағы бесінші дыбыс жолын өзбек тілінде іске қоспақпыз. Жаңа маусымда өзбек және қырғыз әріптестерімізбен Орталық Азия мемлекеттерінде түсірілген ортақ жобаларымыз эфирге жол тартатын болады.
Осылайша Орталық Азияның ахуалы мен бай мәдениетін дәріптейтін контент қалыптастырылады. Демек, «Kazakh TV» аймақтың ақпараттық кеңістігінде көшбасшы болатын күн алыс емес.
Авторлары: Гүлназ Қабидоллақызы, Абдулла Исаев