«Хабар» телеарнасында «Көне жетігеннің сыры» атты сериалдың тұсауы кесілмек
«Хабар» арнасында тағы бір сериалдың тұсауы кесілмек. Сіздер үшін бұл жолы Түркістан облысының режиссерлері «Көне жетігеннің сыры» сериалын түсірді. Телетуындыда аспаптың тарихы мен қасиеті ғана емес, басты рөлдегі жас қыздың қызықты өмірі туралы көрсетіледі.
Қазығұрт асуы. Жол жөндеп жүрген жігіттер жер қазып жатқанда жетіген тауып алады. Алайда аспаптың асықтары да, ішегі де жоқ. Жетігеннің сыртында көне араб жазуы. Сол жазу барлық құпияны ашады.
Самал – Өнер академиясының «музыкалық аспаптар» факультетінің түлегі. Дипломдық жұмысы: «Жетіген ұлттық аспабы». Іздегенге сұраған. Самал жер астынан табылған жетігендегі жазудың құпиясын табуға достарымен бірге кірісіп кетеді. Жазуды археологтарға зерттетіп, мағынасын анықтайды. Жеті асық жеті түрлі киелі жерге жасырылған екен.
Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:
- Фильм 11 сериядан тұрады. Қазақ тілінде. Негізгі актерлер мен режиссерлар құрамы – Түркістан облысының тумалары. Фильмді «Сақ» студиясы түсірген. Еліміздің тарихын өлкетануды, тарихымыз арқылы өзімізді тануға, киелі орындарды тануға баулиды. Көрерменге осы жағымен қызықты болады деп ойлаймын.
Студенттер жеті түрлі киелі жерге барғанда тағы қандай сырға қанық болды? Жетіген аспабы туралы біз естімеген қандай қызық бар? Оның барлығын ертеңнен бастап «Хабар» арнасынан сағат 21:30-да көрсетілетін «Көне жетігеннің сыры» сериалынан білесіздер.
Авторы: Айбар Төлжанұлы