Қазақстан алғаш рет «Junior Eurovision 2018» халықаралық балалар ән байқауына қатысады
Бұл ақпарат екі күн бұрын ресми белгілі болды. Ән додасы биыл 25 қарашада Минскіде өтеді. Жалпы «Евровидение» байқауын Европалық хабар тарату одағының Қазақстандағы жалғыз мүшесі «Хабар» Агенттігі» эфирден көрсетіп келеді. Бүгін «Хабар» Агенттігінің» басшылығы сайыстың шарттарымен таныстырды.
«Балалар Евровидениесіне» Қазақстанның қатысуы «Хабар» Агенттігі» үшін ғана емес, еліміз үшін бір белес. Байқаудың берері көп. Ел ішіндегі мықтылар әлемнің дүлдүлдерімен бақ сынасады, жеткіншектер өзінің де, еліміздің де атын әлемге шығарады. Байқауға кім қатысады, халықаралық додада Қазақстан тарапынан кімдер қазылық етеді әзірге белгісіз. Белгілісі «Евровидениенің» талаптары.
Ерлан Игісінов «Хабар» телеарнасының директоры
-Қатысушы әнді өз ана тілінде айтуы керек. Ағылшын тілі де қосылуы мүмкін. 9-14 жас аралығындағы балалар бұрын еш жерде жарияланбаған әнді жанды дауыста шырқайды. Европоп стиліндегі ән болуы шарт. Үш минуттан аспауы қажет.
«Балалар Евровидениесі» жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл байқауға 19 елдің жеткіншегі қатысады. Қазақстанның атынан кімнің қатысатыны қазан айына дейін белгілі болмақ. Қазір іріктеу кезеңінің талаптары анықталып жатыр. Алдағы уақытта толық ақпаратты арнамыздың сайтынан оқып, біле аласыздар.
Алан Әжібаев «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы
-«Хабар» Агенттігі» барынша қаржылық қолдау көрсетеді. Бұл конкурс тек агенттік үшін ғана емес, еліміз үшін де маңызды. «Хабар» Агенттігі» Еуропалық хабар тарату одағының жалғыз мүшесі болғандықтан, көрсетілімге де қаржылай да қолдау көрсетеді.
«Хабар» Агенттігі» бұған дейін де ересектер және балалар арасындағы «Евровидениені» эфирден көрсетіп келеді. Ал биылғы сайыс өте маңызды. Әлемді аузына қаратқан Әміренің елінде әлі де мықты әншілер, мықты жеткіншектер баршылық. Сондықтан үміт көп. Ендігі жұмыс – сол мықтылардың мықтысын ел болып, әлемдік бәйгеге үкілеп қосу.
Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Азамат Саметов