«Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасы қайтадан эфирге шығады
Интеллектуалдық ойынның ұсынар жаңалығы көп. Әуелі жүлде қорының екі есеге артқанын айта кету қажет. Бағдарламаның жүргізушісі де ауысты.
«Миллион кімге бұйырады?». Атауы таныстыруды қажет етпейтін бірегей жоба әлі көптің есінде болар. Ол кезде бағдарламаны Ескендір Сергебаев тізгіндеді. Міне араға 12 жыл салып қытысушысын табысқа кенелтетін ойын қайта эфирге шықпақ. Бұл жолғы тележүргізуші – Досымбек Өтеғалиев.
Досымбек Өтеғалиев, «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасының жүргізушісі:
- Бағдарламаға қатысу үшін оның бірнеше деңгейінен өту керек. Атап айтқанда «К1» сөзін 3698 номеріне жолдайды. Содан кейін операторлар хабарласып, белгілі бір сұрақтар жолданады. Сол сұрақтарға жауап беру керек.
Сол іріктеуден өткен 10 адам студияға шақыртылады. Кейін солардың арасынан сұраққа жылдам әрі дұрыс жауап берген қатысушы ойыншы орындығына отырады. Айта кетейік, бағдарламаның жүлде қоры да осы талапқа сай. Бұрынғы ұтып алуға болатын қаражат екі еселеніп, 10 млн теңгеге жетті.
Алмас Кенжебеков, «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасына қатысушы:
- Бәрі әділ, өзің білсең қатысасың. Білмейсің ба, қатыспайсың. Маған берілген мүмкіндігіне ризамын. Өйткені Қазақстан телевизиясында мұндай мүмкіндік берілмейді. Мен мұндай басқа бағдарламаны білмеймін. Осыған қатысқаныма қуаныштымын.
Ойын барысында 3 жеңілдік, 2 күймейтін сома бар. 15 сұраққа дұрыс жауап берген адам «миллионер» атанады.
Айта кетейік, бағдарламаны 15 қыркүйектен бастап, әр сенбі күні сағат 20:15-те «Хабар» арнасынан көре аласыздар.
Авторы: Ердәулет Байдуллаев