«Ел Арна» жаңа маусымда Орталық Азия мен түркі елдерінің фильмдерін де көрсетеді
«Ел Арнаның» жаңа мауысымында алтын қордағы кино туындылардан бөлек, Орталық Азия мен түркі елдерінің фильмдері де көрсетіледі. Сондай-ақ қазір Италия, Франция сияқты мемлекеттермен келіссөздер жүргізілуде. Бұл жөнінде арна басшылары жаңа маусымдағы тың жобаларды таныстыру кезінде айтты.
«Ел Арна» отандық кино өнімдерін көрсететін арна ғана емес, өткен мен бүгінді жалғап, ертеңгі ұрпаққа аманат қалдыратын маңызды міндетті атқарады. Көрермендердің мәдени талғамын қалыптастырып, өнер жайлы түсінікті терең зерделейтін жобаларға басымдық беріп отыр. Арнада еліміздің алтын қорындағы кино туындылармен қатар, әлемдік киноиндустрияның үздіктері де көрсетілетін болады.
Арман Балтабайұлы, «Ел Арна» директоры:
- Біз осы уақытқа дейін көрерменге тек қана қазақстандық киноны көрсетіп келдік. Ал енді жаңа маусымнан бастап Орталық Азия елдері мен түркітілдес мемлекеттердің фильмдерін қазақша дубляждап, қазақ тілінде көрерменге ұсынатын боламыз. Бұл басы ғана. Бұдан әрі қарай бұрынғы Кеңес мемлекеттерінің елшіліктерімен қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Олар өз қызығушылығын білдіріп жатыр. Олардың фильмдерін аламыз да, алтын қорында сақталған фильмдерін қазақшаға аударып, содан кейін көрерменге ұсынатын боламыз.
Сонымен қатар жаңа маусымдағы тың жобаның бірі – «Ашық көрсетілім» ток-шоуы. Бұл хабарда кино майталмандары, яғни режиссерлер мен актерлер, сценарий авторлары, жазушылар, журналистер ашық әңгіме алаңында өз ойларын ортаға салып, көрермендермен тікелей сұхбаттасады. Ұмыт болған есімдер, көпшілік біле бермейтін кино түсіру алаңындағы қызықты сәттер, ел есінде қалған нар тұлғалар хабарға арқау болмақ.
Күлімхан Хасенова, «Хабар» Агенттігі» АҚ Алматы филиалының бас редакторы:
- Осы жобаны қолға алған кезде оның тұжырымдамасын қалай жасаймыз. Ол жоба қандай болуы керек? Ол жөнінде біраз ойландық. Ақылдаса келе, қазақ кинемотографистерін бір алаңға тоғыстыратын бағдарлама болу керек деп ұйғардық. Бұл көрермендер мен киноиндустриясының мамандарының арасында алтын көпір болады деп ойлаймын. Оған қатысатын кез келген адам ойын ашық айтып, көкейде жүрген сан алуан сауалдар мен түйткілдерге кино мамандарынан тікелей жауап ала алады.
Мәдениетті ұрпақ тәрбиесіне телеэкран арқылы үлес қосуды мақсат еткен арна болашақта көрермендер талғамына сай туындыларды көбейтпек ниетте. Бұл жөнінде сарапшылар да өз ойларын білдірді.
Асыл Құдайбергенов, сценарист:
- Жалпы осы кино саласын дәріптеп, қолдап жүрген бірден бір арналардың бірі – «Ел Арна». Қазақ көрермендерінің талғамын нәзіктендіре түседі, ұшқырлай түседі деп сеніп, өте үлкен үмітпен қараймын. Себебі бұл үлкен жұмыс тәрбиелеу деген.
Қазірдің өзінде көпшіліктің ықыласына бөлене бастаған «Кинокафе» жобасы сияқты хабарлар көбейсе, сондай-ақ оны осы кино саласын жақсы білетін, өзі де талай фильмдерге түскен елімізге танымал актер Балтабай Сейітмамытұлы сияқты азаматтардың жүргізуі құптарлық. Сондай-ақ бүгінде «ортамызда жүрген өнер майталмандарының сахнадан немесе экраннан тыс тылсым өмірі туралы қызықты, деректі фильмдер көбірек көрсетілсе екен» деген тілектерін білдірді бізге хабарласқан көрермендер.
Авторлары: Индира Оразалинова Серік Бақбаев