«Junior Еurovision 2018» үміткерлері «Хабар» Агенттігінің Алматыдағы қарашаңырағында қонақта болды
Дүбірлі додаға дейін де талай байқауда бағын сынап үлгерген жас өнерпаздар үшін студия, жарық, камера таңсық болмады. «Хабар» телеарнасының белгілі журналистері және әлеуметтік желі арқылы жақсы таныс блогерлермен емен-жарқын әңгімелескен олар ән де шырқады.
Әлжан Әбдрахманов, жоба жетекшісі:
- Әрине, олар бұған дейін де түрлі халықаралық байқауларға қатысқан. Дегенмен оларды қолдайтын аға-апалары бар екенін сезінгендері жақсы. Бүгінгі кездесудің мақсаты да сол.
Кәсіби сахнаның сырын енді меңгеріп келе жатса да, жас таланттардың мақсаты айқын. «Болашағын өнермен байланыстырғысы келетін олар жаңа жанрларды әкелгіміз келеді», – дейді. Ал халықаралық байқау – сол жолдағы үлкен асу әрі үлкен тәжірибе алаңы.
Мейіржан Жидебай, байқауға қатысушы /Ақтөбе/:
- «Junior Еurovision 2018» жарысына қатысу мен үшін өте жоғары дәреже десем болады. Осы жарыста жеңіске жету – менің ең басты мақсатым. Әрине, өзіме тәжірибе жинауға да келіп отырмын. Осы сайыста жеңіске жетіп, қазақ елінің намысын қорғайтын болсам, ол мен үшін арман болып табылады.
Халықаралық байқауға жолдама берер қорытынды сын 22 қыркүйек күні Алматыда өтеді. Ел намысын қорғайтын үміткерді қазылар алқасы мен көрермендер ортақ дауыс беру арқылы таңдайды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев