Junior Eurovision 2018: Данэлия Тулешованың бейнебаяны көш бастап тұр
«Junior Eurovision 2018» халықаралық ән байқауында Қазақстан атынан Данэлия Тулешова өнер көрсетеді. Жас әншінің «Junior Eurovision-2018» байқауының сайтына жүктеген «Өзіңе сен» әнінің бейнебаяны тамашалаған адам саны бойынша қазір көш бастап тұр.
Минскіде өтетін дүбірлі додада Қазақстанның намысын қорғайтын Данэлия Тулешованың «Өзіңе сен» әнінің клипін желіде 215 мыңнан астам адам қарап үлгерді. Бейнебаян Қазақстанның көрікті жерлерінің бірі – Шарын шатқалында түсірілген.
«Junior Eurovision 2018» халықаралық байқауы 25 қарашада өтеді. Ұлттық іріктеу кезінде 10 үміткердің ішінен топ жарған Данэлия Тулешова ел үмітін ақтау үшін жауапты кезеңге қолынан келгенше дайындалып жатыр.
Данэлия Төлешова, «Junior Eurovision 2018» байқауына қатысушы:
- Үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Біздің талантымызды бағалап, дауыс бергендеріңізге рахмет. Қатысушылардың барлығы ерекше талантты жандар. Мен барлықтарымен танысқаныма өте қуаныштымын.
Қуаныштан жүрегі өрекпіп, өзекжарды ойын білдірген жас өнерпаздың тілеуін енді халқы тілейді. 19 ел қатысатын үлкен жарыста да жеңіс тұғырынан көрінеді деген үміт басым.
Данэлия Төлешова, «Junior Eurovision 2018» байқауына қатысушы:
- Ән кешегі мен ертеңгіні ойлай бермей, бүгінгіні бағалау керектігі туралы. Әрбір минут, әрбір сәтті сезініп өмір сүру қажет. Қандай да бір арман, мақсат болса, оны дәл сол сәтте іске асыруға ұмтылу керек.
Данэлия бұған дейін де бірнеше халықаралық байқауларда бағын сынап, жүзден жүйрік шықты. Украинада өткен «Голос. Дiти» шоуында өнерімен дүйім жұртты таңдай қақтырған болатын. Оның «Stone Cold», «Не твоя война» әндерін орындау шеберлігі тіпті қазылар алқасының көзіне жас үйірген.
Шын талантты бағалаған ресейлік, француз әншілері жас өнерпазбен бірге бірнеше дуэт әндерін шырқады. 12 жасар Данэлия Қазақстанның атынан бағын сынайтын «Junior Eurovision 2018» ән байқауын – дүбірлі доданы ел аумағында тек «Хабар» арнасы трансляциялайтын болады.
Айта кетейік, «Хабар» Агенттігі – Еуропалық хабар тарату одағының қауымдасқан мүшесі, бұл мүшелік байқауға елден үміткер ұсынуға мүмкіндік берді.
Авторы: Индира Жылқайдарова