«Хабар» телеарнасы «Шашу» комедиялық телехикаясын ұсынады
«5 студия TV Production» ЖШС «Хабар» Агенттігі» АҚ тапсырысы бойынша «Шашу» комедиялық телесериалын дайындауда. Отбасылық құндылықтар мен қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл өмірін насихаттайтын телесериал 32 бөлімнен тұрады.
Басты кейіпкерлер Арман мен Аида шетелде білім алып, сол жақта табысып, отбасын құрған. Арман – дәрігер, ал Аида – сән әлеміне енді ғана қадам басқан жас дизайнер. Ұлдары Алан 3-сынып оқушысы. 10 жылдан астам уақыт АҚШ-та тұрып жатқан «шетелдіктердің» бір қалыпты өмірін Науат апаның хабары өзгертеді.
Ауылда ұлын күтіп жүрген Науат апа «қара шаңырақтың иесі келеді» деп қыздарының қолына бармайды. Бірақ Арман әзірге елге қайтуды ойламайтын еді және жыл өткен сайын сол жаққа сіңісіп, туған елге ат басын бұруы тіпті сиреп, алыстап бара жатқаны сезіледі. Мұны түсінген Науат апа қыздары мен күйеу балаларын шақыртып, «шетелдіктерді» елге қайтарып, осында алып қалудың жоспарын құрады.
Анасының шұғыл хабарын естіген Арман Аида мен Аланды ауылға барып келуге көндіреді. Алайда олардың туған елге сапары өздері ойлағандай тез аяқтала қоймайды. Қазақы салт-дәстүр үстемдік құрған ағайын-туыстың ортасындағы өмірден жырақтап кеткен Арман жезделерінің, Аида қайын әпкелерінің сынағынан өтеді. Ауыл өмірімен етене танысқан Алан үшін де жаңа әлем ашылғандай болады. Шетелден келген қонақтар ауылда тұрақтап қала ма, әлде мұхит асып өздері үйренісіп қалған орталарына қайтып кете ме? Ол жағы хикая соңында белгілі болады.
Шығармашылық топ кәсіби мамандардан құралған. Идея және сценарий авторы – Жәмит Көшербаев. Қоюшы режиссер – Ернат Байұзақ, қоюшы оператор – Жанарбек Елеубек. Ал жобаның продюсері – Толқын Сейдоллақызы.
Актерлер құрамы да кино саласының майталмандарынан таңдап алынды. Атап айтқанда, Әлихан Ыдрысова, Қуандық Шәкіржанов, Айгүл Кәден, Еділ Рамазанов, Гүлшат Тұтова, Есжан Хамидуллин, Әйгерім Уалжанова. Сонымен қатар кино және театр әлемінде өзіндік жолын қалыптастырып үлгерген жас актер Әли Марат және аталмыш салада алғашқы қадамдарын бастап жатқан Мақпал Қасенова, Архат Қайратұлы басты рөлдерді сомдайды. Телехикаяның түсіріліміне елімізге белгілі дизайнерлер Аида Кауменова, Берік Исмаилов, Құралай Нұрқаділовалар да ат салысуда.
Телехикая 26 қарашадан бастап 18:45-те «Хабар» арнасының эфирінен көрсетіледі.