Келесі жылы Бекзат Саттарханов туралы ғұмырнамалық телесериал жарық көреді
Телехикая жасындай жарық етіп, ерте сөнген Бекзат Саттархановтың санаулы ғұмырындағы биік жетістікке қол жеткізген рухты сәттерін өскелең ұрпаққа насихаттауды мақсат тұтады. Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзаттың ғұмырнамасындағы басып өткен қиын да бұралаң сәттері, қарапайым отбасында өсіп, алдына таудай мақсат қойған ерік-жігерін әсерлі етіп көрсету арқылы жастар идеал тұтатындай биік образын қалыптастыру негізгі мақсат болмақ.
Сериалдың сюжеттік желісіне Бекзат Саттарханов өмірінің үш кезеңі қамтылады. Балалық шағы, бозбала кезеңі және өмірінің соңғы сәті. Жалпы телехикаяның басым бөлігі былғары қолғап шеберінің туған жері Түркістан қаласында түсіріледі.
Түркістан қаласындағы теміржолды бойлай орналасқан шағын ауылдың қарапайым тіршілігі бала Бекзаттың көзімен бейнеленеді. Оның арманы, намысқой бітімі әрбір сәтте сыналып отырады. Теміржолдың екі жағалауындағы ауыл балаларының бала болып қақтығысқан сәттері, өздерінің «кішкентай отанын» яғни көшесін қорғау үшін болған «сәби күресі» болашақ чемпионның кез келген жағдайда әділет үшін, намыс үшін еш нәрседен тайынбайтын болмысын шыңдай түседі. Анасы Сырлыкүлдің ақ арманы үнемі Бекзатты жебеп отырады.
Бекзат бапкерімен алғаш танысқан күннен бастап боксқа деген ерекше махаббаты ашылады. Бала махаббат, алғашқы сезім үшін болған күрес Бекзатқа күш-жігер береді.
Ол бозбала шағында өнерге жақын болып, студенттер арасында көпшіл болып көзге түседі. Сол кезеңнің қызығымен қатар күн сайын жаттығуын тоқтатпай Германияда өткен турнирде топ жарады. Осыдан кейін оны байқаған бапкерлер Олимпиадаға даярлау жаттығуларына қабылдайды. Сиднейде тартысты ойындар өткізіп, алтын медальге ие болады.
2000 жылдың 31 желтоқсанында жаңа жылға 20 минут уақыт қалғанда Түркістаннан Шымкентке жол жүріп бара жатқан Бекзат жол апатынан көз жұмады.
Әр серияда Бекзаттың болмысына тән ерекше мінез, қайсар жігерге толы әсерлі оқиғалар көркем фильмге тән элементтермен көрсетіліп отырады.