«Хабар» арнасы «Шашу» телехикаясын ұсынады
Отбасылық құндылықтар мен қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл өмірін суреттейтін телесериал 32 бөлімнен тұрады.
Алматы төріндегі кинозалдардың бірінде бүгін аншлаг. Көрермендер сүйікті актерлерімен қауышып, суретке түсіп мәре-сәре. Шашудың актерлік құрамында Әлихан Ыдырешева, Қуандық Шәкіржанов, Гүлшат Тұтова сынды танымал актерлермен, болашағынан үміт артар Есжан Хамидуллин, Әйгерім Уәлжанова секілді жастар бар. Кинотуындының идеясы мен сценарий авторы – Жәмит Көшербаев, қоюшы режиссері – Ернат Байұзақ, продюсері – Толқын Сейдоллақызы.
Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары:
- Көпшілік көрерменге жол тартайын деп отырған «Шашу» комедиялық сериалының маңызы ерекше. Өйткені бұл жерде режиссер дәстүрлі отбасылық құндылықтарды, отбасындағы қарым-қатынасты бүгінгі заманда болып жатқан процестермен салыстырып, жеткізуге тырысты.
Телехикаяның сценарий желісі бойынша негізгі кейіпкерлер Арман мен Аида шетелде оқып жүргенде танысады. Сол жақта отбасын құрады. Ұлды болады. 10 жыл АҚШ-та тұрса да, Ұлболсын, Ұлдана, Ұлтудан кейін өмірге келген Арманның елге қайтар ойы жоқ. Ал Науат апа болса «қара шаңырақтың иесі келеді» деп қыздарының қолына бармайды. Күндердің күнінде Науат апа қыздары мен күйеу балаларын шақыртып, «шетелдіктерді» елге қайтарып, осында алып қалудың қамына кіріседі.
Әлихан Ыдырышева, Науат апа ролінде:
- Қазақтың салт-дәстүрлері бар. Соны жастар үйренсін, көрсін, білсін деген ниетпен көрсетілген. Өйткені өзіміз ауылда қазақтың салт-дәстүрін әбден бойымызға сіңіріп өскен апа-әжелердің қатарынанбыз.
«Шашу» комедия жанрында түсірілген. Бірақ көрерменді күлдіріп отырып, терең ойға жетелейді. «Таңғы 04:00-тен кешкі 21:00-ге дейін түсірілім алаңында жұмыс істеген актерлер де кейіпкерлердің шынайы шығуына барымызды салдық», – дейді.
Қуандық Шәкіржанов, ортаншы күйеу бала ролінде:
- Кез келген актер бірінші сценариймен танысу керек. Білу керек. Сол оқиғаның ішіне кіру керек, содан кейін ойнаса барлығы да алып шығады.
Науат апаның жоспары іске аса ма? Шетелден келген қонақтар ауылда тұрақтап қала ма? Әлде мұхит асып өздері үйренісіп қалған орталарына қайтып кете ме? Ол жағы хикая соңында белгілі болады.
«Шашу» «Хабар» арнасынан 26 қарашадан бастап дүйсенбі-жұма аралығында сағат 18:45-те көрсетіледі.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон