Серік Ақсұңқар: Сызылып төрімізге шықшы, «Келінжан»!
Бүгін «Келінжан» атты фильмді көріп, (Бас режиссері – Ернар Нұрғалиев, бас продюсері – Гүлнұр Мамасарипова), қазақ киносы да қазақ әдебиетіне ілесе бастаған екен-ау деп сүйсініп отырмын. Біз «Қырғызфильм», «Өзбекфильмнен» де көш соңында қалып қойғалы қашан?! Қазақта «Қыз Жібектен» басқа түк те жоқ деп ойлап жүруші едім. Мына фильм менің бұрнағы ұстанымымды быт-шыт қылып жіберді.
Алғаш рет орманға да, шүршітке де еліктеп, солықтамаған кино түсірілді. Қазақтың ұлттық кино шежіресіндегі тұла бойы тұңғыш қазақша туынды бұл. Мұнда трагедия, комедия да, көз жасы мен күлкі, терең ой мен шынайы сезімнің бәрі де бар. Қоңыржай ауыл тірлігінің галереясы жасалған. Аяулы анадан бастап ауыл серісіне дейін, бәрі де табиғи көркем. Бүгінгі қазақ осындай көркем фильмдерге өте зәру, тапсырыспен жасалған жалған дүниелерге емес. Осыны көріп, бір жағы қазақ болғанымызға сүйініп, бір жағы күйініп те отырмыз. Көркем дүние деген міне - осы.
Сызылып төрімізге шықшы, «Келінжан»! Қазақ киносындағы «қайын ағаларың» әлі босағада отыр. Сызылып сен төрде отырғанда олар жүре бере ме сол жерде? Жүре береді...
Егер бойымызда бір түйіршік «Алланың хикметі – ғаділет сезім» (Абай) қалса, келесі жолы осы фильмді мемлекеттік сыйлыққа ұсыну керек. Бірақ жүлдені дәп осы шығарма алмай, қайдағы бір күлді бадам дүние қағып кетуі мүмкін? Бізден бәрі шығады...
Ақпарат көзі: Серік Ақсұңқарұлының Facebook парақшасы