Хабар телеарнасы

«Сені іздедім» реалити шоуы «Хабар» арнасының эфирінен көрсетіледі

«Сені іздедім» атты реалити шоуы – солардың бірі. Отбасы құруды мақсат етіп жүрген жастарға арналған телетуынды 16 бөлімнен тұрады. Түсірілім еліміздің барлық аймағын қамтиды.

«Сені іздедім». Бұл реалити шоуға қатысушы әрбір жас алдын ала іріктеуден өтеді. Бағдарламаның шарты бойынша қатысушы азамат бойдақ болуы керек. Сосын олар жобаға қатысуға ата-анасының рұқсатын алғаннан кейін өтініш білдіреді. Қыз бен жігіт хабардың соңына дейін бірін-бірі көре алмайды. Тек болашақ жарының қандай адам болуы қажет екенін сырттай сипаттайды. Талғамына сай өмірлік серігін кездестіргендер соңында отбасын құрып, отау тігуге бел буады.

Азамат Жаппар, «Сені іздедім» реалити шоуының сценарий авторы:

- Бұл жобада ата-анасы өздерінің бойдақ ұл-қыздарына достары, өздерінің келіндері жеңгелері арқылы, құрбы-құрдастары туыстары арқылы қалыңдық, жар іздейді. Жобаның мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттай отырып, қазақтың бұрынғы салт-дәстүрін жаңаша лепте көрсету.

Шымкенттегі түсірілімде жастар мейрамханада, саябақта сұхбат құрады. Себебі оңтүстіктің жылы шырайлы ауа райы бұған өте қолайлы. Бағдарламаның қоюшы режиссері Сабыржан Омарбеков: «Қатысушылардан шынайылықты талап етемін», – дейді. «Сонда ғана еңбегіміз еш кетпей, көрермендерге сапалы дүние ұсынуға болады», – дейді ол.

Сабыржан Омарбеков, «Сені іздедім» реалити шоуының қоюшы режиссері:

- Жалпы 6 бағдарлама түсіреміз. Қазір Шымкент қаласындамыз. Түркістан облысында да түсірілім болады. Сценаристермен, редакторлармен отырып, сценарийді жақсылап талқылаймыз. Соған байланысты кейіпкер іздейміз. Кейіпкерді әр бағдарламаға қоюға да біраз уақыт кетеді.

«Сені іздедім» жобасы «Хабар» арнасында көктем мезгілінде көрермендерге жол тартады. Қазір реалити шоу авторлары түсірілім жұмыстарын аяқтап, хабарды дайындау үстінде.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов