«Хабар» арнасында «Өз үйім» телехикаясының жалғасы басталады
Танымаловтар мен Жұлдызбаевтар отбасылары арасындағы қарым-қатынас қалай өрбиді?
«Өз үйім» телехикаясының бірінші маусымы «Хабар» арнасында өткен жылы көрсетілген болатын. Екінші маусымда Танымаловтар мен Жұлдызбаевтар отбасылары арасындағы тартыс пен бәсеке қыза түседі. Режиссері – бұған дейін комедиялық жанрда бірнеше сериал түсірген Төребек Бейсебаев.
Төребек Бейсебаев, режиссер:
- Сценарий өзгерді. Үлкен балаларын шетелге жібердік. Біреуінің еншісін бердік. Бұл отбасының жанына жаңа көрші көшіп келеді. Ол профессор болады. Жұман аға – әскери адам. Екеуі бір-бірімен күндес болады. Бір-бірімен бақталастық.
Телехикаядағы басты кейіпкерлердің бірін танымал әншілер Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер ойнайды. Ән өнерінің майталмандары сериалға алғаш рет түсіп отыр. Әрине, сахнада ән айту бір басқа, ал әр кейіпкердің мінез-құлқын нанымды етіп ойнау актерлік шеберлікті қажет етеді. «Сондықтан киноға түсу оңай емес екен», – дейді әскер шеніндегі Жұман Жұлдызбаевтың рөліндегі Қанат Құдайбергенов.
Қанат Құдайбергенов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:
- Мұнда түрлі қызықтар болып жатыр. Қиындығы да, қызық-шыжығы да бар. Жақсы, маған ұнады. Жеті өнер де аз ғой. Бұл бала кезімдегі арманымның бірі болған.
Баян Нұрмышева, әнші:
- Біз – Танымаловтар отбасының мүшесіміз. Әкемізді ойнайтын Нұржан аға профессор болады. Барлығымыз білімге жақын отбасы саналамыз.
Тартысты оқиғалар мен комедиялық жанрға негізделген туындыға Жазира мен Жанболат, Ерлан Орынбасар, Аша Матай мен өзге де өнер адамдары тартылған. «Өз үйім» телехикаясы «Хабар» арнасының эфирінен 14 наурыздан бастап көрсетіледі.
Авторлары: Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев