Хабар телеарнасы

«Хабар» Агенттігі: Central Asia's Got Talent дарындарға іздеу салады

Жобаға Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдері қатысатындығын растап, меморандумға қол қойды. Өнерпаздарға қандай талаптар қойылады? Шоуға қалай қатысуға болады? Жүлде қоры қанша?

Әсем ән, күмбірлеген күй, мың бұралған биінен бөлек, өзге де өнерімен ауыл-аймақты тәнті етіп жүрген жандар ел ішінде жетерлік. Олардың есімі өз ортасына ғана мәлім. «Хабар» Агенттігі тасадағы талантты әлемге таныту мақсатында халықаралық жобаны іске қосты. Оған Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан азаматтары қатысып, бағын сынай алады. Шоу – әлемде мойындалған британдық форматтың франшизасы.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары:

- Бұл 2006 жылы АҚШ-та басталған. Осы 13 жылда әлемнің 70 елінде жүзеге асырылып келе жатқан халықаралық формат. Нарық заңын ескере отырып, қатысушы 4 мемлекеттің 4 компаниясы осы жобаны көрсету құқығын сатып алдық. Түбі бір Орталық Азия елдерінің рухани, мәдени байланысын дамытуға, достық-туыстық қатынасты арттыратын жоба болғандықтан, осыған басымдық бердік.

Тимур Әлиев, «Zoʻr TV» телеарнасының продюсері /Өзбекстан/:

- Қазақстандық әріптестеріміздің бастамасын бірден қолдап, жобаға қатысуды жөн санадық. Бізде таланттар өте көп. Бәсекелестік те жоғары болмақ.

Ең бастысы қатысушылардың жасына, өнер форматына қатысты ешбір шектеу қойылмайды. Бес кезеңдік жобаның жартылай финалына шыққан төрт елдің жеңімпазына 3 млн теңгеден берілсе, ақтық сынның жүлдегері 10 млн теңгені иеленеді.

Наргис Қасымова, «ТВ Сафина» телеарнасының бөлім жетекшісі /Тәжікстан/:

- Бұл әр елдің өз өнерін паш етіп, өзге мемлекеттердің таланттарын танитын тың жоба болмақ. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің өнерпаздарын бір алаңда топтастыратын нағыз шоуға айналары анық.

Қанатбек Құлтаев, КТРК Телерадиотарату корпорациясының продюсері /Қырғызстан/:

- Байқауға қатысуға мүмкіндік алғанымызға өте қуаныштымыз. Бұған дейін біздің өнерпаздар қалтасынан ақшасын шығарып, өзге елге барып, өнер көрсетсе, енді өз елінде бағын сынай алады.

Шоуға қатысамын деушілер +7 700 600 24 24 нөміріне хабарлама жолдап, әлеуметтік желілердегі жобаның ресми парақшасына өтініш қалдырулары тиіс.

Серік Ақышев, «Central Asia’s Got Talent» шоуының бас продюсері:

- Instagram және Facebook желілерінде Сentral Asia’s Got Talent парақшасы іске қосылды. Жуырда call-орталықтар өз жұмысын бастайды. Осылайша қатысушыларға қолайлы жағдай жасау көзделген.

Іріктеу кезеңі 3 сәуірден басталды. Ақтық сын көрермен назарына тікелей эфирде ұсынылмақ. Бас жүлденің иегері 4 ел азаматтарының дауыс беруі арқылы анықталады. Осылайша қас қағым сәтте тасадағы талант әлемге танылып, өзге де халықаралық байқауларға жолдама алады. Өнеріңізді төрткүл дүниеге паш етер сәт туды.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Самат Құрбиев

 

Жарнама орналастыру жөніндегі сауалдар бойынша байланыс телефон нөмірлері: 8/7172/ 757 554, 757 556