«Хабар» футбол командасы халықаралық турнирде ойнайды
Арнамызда қуанышты жаңалық! БАҚ құралдары арасындағы БАҚ лига біріншілігінің 6 дүркін чемпионы атанған әріптестеріміз жақында ғана Президент кубогі үшін өткен республикалық турнирде топ жарған болатын. Енді міне ел ішіндегі барлық додаларда жеңімпаз атанған хабарлықтар халықаралық турнирде доп тебетін болады.
Отандық БАҚ лига арасында әрдайым асығы алшысынан түсіп жүрген арнамыздың футболшылары шетелде өтетін турнирге сақадай сай. Тіпті жаһан алаңындағы қарсыластарын да бақылап жүргендерін айтады. Себебі бұл қазақстандық журналистердің әлемдік деңгейдегі алғашқы ойыны болмақ.
Нұрсұлтан Құрман, «Хабар» футбол командасының капитаны:
- Барлық команда дайын келеді. Оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқандықтан кейбір командаларды әлеуметтік желілерден көріп жатырмыз. Ең бастысы, психология мен тактика шешеді деп ойлаймын.
Хабарлық футболшылар бұған дейін елдегі жарыстарда 6 дүркін жеңімпаз атанумен қатар, жақында өткен Президент кубогі жүлдесін де қанжығасына байлаған. Сондықтан «Асқан әзірлікпен, салқын сабырлықпен жарысқа аттанып, жеңіспен оралуға бар жігерімізді жұмсаймыз», – дейді.
Айбек Қабылша, «Хабар» футбол командасының мүшесі:
- Әрине жеңіске ұмтыламыз. Команданың қақпашысы болған соң маған да көп нәрсе байланысты. Сондықтан қолымнан келгенше осы команданың қақпасын ғана емес, жеңісін де сақтап, елге чемпион болып ораламыз деген сенімдеміз.
Күдігінен үміті басым ала доп шеберлерінің соңғы екі жылдағы жетістігі көптің назарында. Оны бүгін арна басшылығы да тілге тиек етіп, алғыс хатпен марапаттады. Ринат Думанұлы жастарға жарыстан жеңіспен оралуларын тіледі.
Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
- Бұған дейін өкінішке қарай елден Қазақстанның атынан ешбір команда бармаған. Биыл осы арнайы шақыруды Литва мемлекетінен ұйымдастырушылар тарапынан, ҚР Сыртқы істер министрлігінен біздің команда қабыл алып отыр. Сол жарыстан жүлдеді орынмен оралуларыңызға тілектеспіз. «Хабар» ұжымы сіздермен бірге!
Арнамыздың футболшылары бүгін аттанатын жарыс Литвада қыркүйектің 13-15 аралығында өтпек. Дүбірлі дода 10 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Ал оған әлемнің түкпір-түкпірінен келген 25 ел атсалыспақ. Қаламды қару еткен әріптестерімізге сәттілік серік болсын дейміз.
Авторлары: Лаура Қуанышқызы, Болотбек Табалдиев