«Хабар» Агенттігі жаңа жүргізушілерге байқау жариялайды
Бұл туралы хабарлама Instagram, Facebook сияқты әлеуметтік желілердің барлығына жүктелді. Осы жолы 24 жылдық тарихы бар Агенттіктің жұлдызы болғысы келетіндерді үлкен мүмкіндік күтіп тұр. Себебі кастинг тек кәмелет жастан асқандар арасында ғана емес, әлем назарындағы жобаға жасөспірімдерге де жарияланып отыр. Ендеше тікелей эфирге шығатын жүзден жүйрік жүргізуші атану үшін не істеу керек?
Жаңа маусымда жаңа екпін! Бұдан былай әрдайым елді елең еткізетін жаңалықтар қызметі түрлене түспек. Басқарма басшысының сөзінше, шұғыл, жылдам, тың ақпаратты көрерменге жеткізіп қана қоймай, кең ауқымды бағдарламалар да өзектілігін арттырмақ.
Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:
- Біз бұл жиынды тек ауқымды кастинг өткізетінімізді хабарлау үшін ұйымдастырған жоқпыз. «Astana Media Week»-те арнамыздың жаңа маусымын таныстырдық. Бұдан былай жаңалықтар қызметі өткір ақпаратпен толығады. Ал сараптамалық бағдарламалар тереңірек зерттеледі.
Басшылық айтқан жағымды әрі маңызды жаңалық: бұрын-соңды ешбір арна көрсетпеген қызықты бағдарламалар көрерменге жол тартады. Мәселен, әзірше «Әкімдер» деген атаумен өңделіп жатқан саяси-әлеуметтік бағдарлама ашылмақ. Сондай-ақ бұқара арасынан арнаның бет-бейнесіне айналатын жүргізушілерге байқау жарияланды.
Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
- Біз нақты бір телеарнаға немесе нақты жанрда жұмыс істейтін жүргізушілерге іріктеу жариялап отырған жоқпыз. Іріктелген жүргізушілердің ішінен кімнің қай жанрға ыңғайы бар, кім қай жанрда өзінің кәсібилігін үстем етіп көрсетіп тұрғанын анықтап, сол азаматтардың ішінен іріктеп көретін боламыз.
Агенттіктің телемайталмандарының қатарына қосылудың алғышарты қиын емес. Алдымен «Неліктен дәл сізді таңдауға тиіспіз?» деген сауалға бейнежазба арқылы жауап бересіз. Оны «Хабарда қызмет еткім келеді» деген хэштег арқылы әлеуметтік желілерге жүктеуіңіз қажет. Туындыңыз шығармашылық топтың көңілінен шықса, 2-кезеңге өттім дей беріңіз! Ал 2-сатыда өз өңіріңізден бейнематериал түсіруіңіз міндетті. Осы сыннан сүрінбей өткендер ғана арнамыздың ажырамас бөлігіне айналмақ!
Зейін Әліпбек, жүргізуші:
- Өзімнің көзқарасым бойынша, біріншіден, әрине, маман болуы керек, журналист болуы керек, жаза алуы керек. Жай ғана жазу емес, шебер жазатын, сараптама жасай алатын тілші болуы керек. Әрі қарай талаптар қойыла береді. Түрі жылы болуы керек.
Айта кетейік, алдағы уақытта Польшада Ержан Максимнің қатысуымен өтетін «Eurovision-2019» байқауында тізгінді ұстайтын жас жүргізуші де ауадай қажет. Сондықтан 23 қазанда межесіне жететін кастингтен қапы қалмаңыздар!
Авторы: Дәурен Жұрхабаев