«Хабар» арнасы «Рауза» телехикаясын ұсынады
Ол «Рауза» деп аталады. Бұл туындыда ән өнеріне деген құштарлық, сахна сыртындағы сырлар, махаббат пен сатқындық баяндалады.
Рауза шалғай ауылда туады. Оның тума талантын байқаған музыка пәнінің мұғалімі жас дарындардың аудандық фестиваліне апарады. Раузаның қарымына қайран қалған қазылар мүшесі оның Алматыға барып, өнерін шыңдауына кеңес береді. Сөйтіп Рауза Алматыға келеді. Бірақ музыка мектебіне түсе алмай қалады. Содан соң жанталас басталады.
Жарқынай Шалқар, актриса:
- Менің ойымша Раузаның бойында бүкіл әйел затына тән барлық қасиет бар. Кейде ол нәзік, кейде эмоцияға толы, ал кейде тіпті ашушаң келеді. Ол сондай бір өзінің жан-жақтылығымен ерекшеленеді деп ойлаймын. Көрермен күтпеген жағдайларды көруі мүмкін.
Оқиға сонау 90-шы жылдардан басталады. Сондықтан телехикаяда құлпынай түсті пиджак киген бұзық жігіттердің де өмірі қамтылған. Сондай кейіпкердің бірі – Сәкен. Лақап аты – Сакура. Телехикаяда қылмыс әлемінің серкесін экс-полицей ойнайды.
Айдар Асқарбеков, актер:
- 7 жыл бойы әртүрлі лауазымда Ішкі істер министрлігінде істегенмін. Қазіргі уақытта капитан лауазымымен шықтым. Менің бұрынғы жұмысыма түбегейлі керісінше бір персонаж болды. Бұрынғы жұмысыма байланысты ондай кісілермен жиі қарым-қатынаста болдық. Олардың психологиясын білеміз.
Телехикаяның режиссері – Самал Смағұлова. Продюсері – Баян Мақсатқызы. «Раузаның өмірі арқылы тұтас бір кезеңді бейнелеуге тырыстық», – дейді түсіру тобы.
Баян Мақсатқызы, продюсер:
- Менің жастық шағым 90-шы жылдарға тұспа-тұс келді. Ол уақыттың қиындығын бір кісідей білемін. Ақылдаса келе өмірде жолы болмаған, жаңа заманға бейімделе алмаған өнер адамы туралы телехикая түсірейік деп шештік. Сериалға сол уақыттағы көптеген шынайы оқиғалар арқау болды.
Телехикая 12 бөлімнен тұрады. Әр бөлімі 45 минут. Бойжеткен асқақ арманына жете ме? Әлде өнерін ысырып қойып, басқа жолды таңдай ма? Шытырман оқиғаның шешімін 23 қыркүйек күні «Хабар» арнасында көрсетіле бастайтын «Рауза» телехикаясынан білетін боласыздар.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон