+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

«Хабар» арнасы «Көкжал» телехикаясын ұсынады

Kokzhal
Kokzhal

«Хабар» телеарнасы тағы бір тың туындының тұсауын кескелі отыр.

14 қазаннан бастап «Көкжал» атты телехикая эфирге шығады. Спорттық драма жанрында түсірілген бұл сериал шытырман оқиғаға толы.

Бұл хикая Ербол есімді жігіттің өмірі туралы. Анасынан ерте айырылған ол әке қамқорлығында қалады. Ана махаббатын көрмегендіктен болар, өмірге өкпелі бала өте тұйық болып өседі. Сотқар оқушылар Ерболды үнемі бопсалап, ақша талап етеді. Бала Ерболды актер Азат Асан ойнайды.

Азат Асан, актер:

- Сол қорқатын, әлсіз, мектеп кезі, үлкен сыныптағы балалардан таяқ жеп жүретін шағын сомдаймын. Сол соққының бәрін өзім қабылдап жатырмын. Ал мықты кезін басқа кісі ойнайды.

Көп ұзамай бас кейіпкер өз өмірін өзгертуге бел буады. Ауыл бұзақыларынан шаршаған ол спортқа бет бұрады. Темірхан деген бапкерден темірдей тәртіпті, төзімділікті үйренеді. Ережесіз жекпе-жектен чемпион болуды армандайды. «Кастингте біраз қиналдық», – дейді шығармашылық топ.

Еділ Ақылбаев, екінші режиссер:

- Салыстырмалы түрде өте ұзақ мерзімді қамтиды. Бүкіл хикаяның тарихы 8 жылды құрайды. Сондықтан да әрбір кейіпкерге екі актерден керек болды. Жас кезі және өскен кезі. Сол себепті кастинг өте қиын болды. Бір-біріне ұқсас актерлерді іздедік. Түр жағынан ғана емес, мінез, ойын жағынан да ұқсау қажет болды.

Ерболдың ержеткен кезін өзі спортшы, өзі актер Дәулет Өсербай ойнады. Телехикаяда қатыгез орта, тағдыр тауқыметі мен мөлдір махаббат қатар бейнеленеді. Ерболдың чемпион болсам деген арманы орындала ма? Қиын қыстау кезеңде қандай шешім қабылдайды? Бұл сұрақтың жуабын «Көкжал» телехикаясынан біле аласыздар. Телехикая 14 қазаннан бастап «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ерлан Әбжанов

Сондай-ақ...

Серіктестердің жаңалықтары

Загрузка...