«Хабар» Агенттігінің құрылғанына 24 жыл
Бұл – ғарышқа барып келген гитара. Бүгінде «Хабар» арнасының құнды жәдігері болып табылады. Осыдан 21 жыл бұрын бұл аспаппен ғарышкер Талғат Мұсабаев пен әнші Нұрлан Өнербаев бірі Жерден, бірі ғарыштан қосылып, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін әуелеткен. Еліміздегі мұндай ғарышпен тікелей байланысты да тұңғыш «Хабар» ұйымдастырған еді.
Ғарыштағы адаммен сұхбат құру – «Хабар» телеарнасының тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі ғана. Арнаның мұрағатына үңілсеңіз 24 жылда «Хабар» халықаралық, мемлекеттік деңгейдегі талай іргелі оқиғаларды көрерменіне ұсынып, журналистеріміз оқыс оқиғалар мен сансыз әлеуметтік-мәдени шаралардың ортасынан табылды.
1998 жылы британдық озық технология «Квантель» эфирлік студиясы арқылы ғарышпен байланыс орнату «Хабар» телеарнасының ғана емес, ел тарихындағы елеулі оқиға болды.
24 жыл бұрын «Хабар» ұлттық телевизиялық ақпарат агенттігі болып құрылып, төрткүл дүниеге есігін ашқан арнаның алғашқы студиясын қазір тек мұрағаттан көруге болады. «Техникалық мүмкіндіктердің аздығы, алдына биік мақсат қойған сол кездегі ұжымға кедергі болған жоқ», – деп еске алады алдыңғы буын.
Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:
- Аз уақытта телеарна қарқын алып, дами бастады. Алғашқы жетістік техника «Квантельдің» келгені әлі есімде. Ол бір ғажайып сияқты еді. Онымен қалай жұмыс істеуді де білмедік. Ұлыбританиядан мамандар келіп, жаңа техниканың тілін түсіндірді. Бұл әрине, қазақ телевизиясы үшін ерекше жаңалық еді.
Алматыда қазығы қағылып, шаңырағы көтерілген телеарна 2012 жылы ресми түрде бас қалаға қоныс аударды. Даму баспалдақтарынан өтіп, еліміздің медиа кеңістігіндегі жетекші телеарна ретінде танылған «Хабардың» бүгінде Америка, Италия, Англия, Түркия, Қытай сияқты бірнеше елде меншікті тілшілері бар. Бұдан бөлек ел аймақтарындағы тілшілер қосыны мен оңтүстік мегаполистің тыныс тіршілігін қалт жібермей қадағалап отырған Алматы бөлімшесінің көтерер жүгі орасан.
Қымбат Хангельдина, «Хабар» Агенттігі» АҚ Алматы филиалының директоры:
- Алматы филиалы – «Хабар» медиахолдингінің ажырамас бір бөлігі. Мұндағы мамандар 4 телеарнаны – «Хабар», «Хабар24», «Kazakh TV», «Ел арнаны» түсірілімдермен қамтамасыз етіп отыр. Алматының мәдени өмірі, спорттық тынысы таусылмайтын тақырып. Оның бәрі телеарна эфирінен көрініс табуы керек деп ойлаймын.
Алматы бөлімшесінің жаңалықтар қызметі қала ғана емес, Алматы облысының елді мекендерінің тыныс-тіршілігін назардан тыс қалдырған емес. Ресми жаңалықтардан бөлек, әлеуметтік мәселелер тілшілердің қаламына арқау болып, талай түйткілдің оң шешілуіне ықпал етті. Әсіресе оқыс оқиғалар мен апатты жағдайларда күн-түн демей, көрерменге дер кезінде ақпарат тарату – телеарнаның қалыпты жұмысы.
Алуа Махамбет, тілші:
- Біз таңертеңнен кешке дейін оқиға орнында жүреміз, бірнеше адаммен кездесеміз. Түрлі пікірлерді естиміз. Бірақ біздің міндетіміздің, жұмысымыздың қиындығы да сол – барлығын 1-1,5 әрі кетсе 2 минутқа сыйғызуымыз керек. Яғни сол 1,5-2 минутта біз көрерменге түсінікті, тұщымды ақпаратты бере білуіміз керек.
Жандос Айтбай, спорт журналисі:
- «Хабардың» рейтингісінің жоғары болуының бір себебі осы спорттағы белсенділігі деп білемін. Спорт арналары ашылғаннан кейін біраз көлеңкеде қалып қойды. Ал қазір «Хабардың» спортына қайтадан қан жүгірді десек болады. Өйткені «Хабардың» тізгінін спорт десе ішер асын жерге қоятын Ерлан Қалижанұлы ұстап отыр. Болашақта да көптеген спорт бағдарламасы ашылады деген ойдамын.
Эфирге шыққан дайын дүние үшін қаншама тер төгілетінін көрермен біле бермейді. Сәтті кадр жасаудан бастап, мәтін жазу, дыбыстау, монтаждау – тілші мен техникалық қызметкерлердің көрінбейтін еңбегі.
«Хабар» Агенттігі бүгінде құрамына 4 арнаны тоғыстырып отыр. «Хабар» телеарнасынан бөлек, «Хабар 24» арнасы тәулік бойы ел тынысын көрерменге жеткізсе, ал «Kazakh TV» арнасы мемлекет жетістіктерін төрткүл дүниеге таратып келеді. Жаңарып, жаңа бағытқа көшкен «El Arna» қазақ киносының жауһарлары мен әлемдік үздік туындыларды көрсетуде. Ширек ғасырға аяқ басқан телеарнаның көрерменге ұсынар тұщымды дүниесі көбейе бермек.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ерлан Шалбаев, Кенже Амраев