Алматыда «Армандастар» телехикаясының алғашқы көрсетілімі өтті
Телехикая сюжеті 20 жылдан кейін кездескен сыныптастардың басынан өткен қилы оқиғалар арқылы өрбиді. Мұнда ауылға деген сағыныш, отбасылық құндылық тақырыптары көрініс тапқан.
Гүлнұр Мамасарипова, «Армандастар» телехикаясының бас продюсері:
- Иә, біз 20 жылдықты ерекше атап өтеміз. 20 жылдыққа баруға тырысамыз. Сыныптастарымызды көргіміз келеді. Олардың кім болғанын, қанша бала-шағасы бар екенін, қандай жетістікке жеткенін көргің келеді. Сондай қызықты факторлар бар. Содан кейін «Неге осыны қандай-да бір туындыға тақырып ретінде алмасқа?» деп ойландым.
25 сериядан тұратын фильмде бір кездері ауылдан арман қуып, қалаға кеткен жастардың орындалмаған арманы, айтылмаған сырлары, баянсыз махаббаты жайында қызықты жайттар суреттеледі. Жанры комедия болғанымен көрерменге ой салар тұсы да бар. Телехикаяның режиссері – Дархан Саркенов. Айта кетерлігі, бұл жобаға негізінен кәсіби актерлер таңдап алынған.
Азамат Сатыбалды, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер:
- Кейде бір күнде 20 сцена түсірген кездеріміз де болды. Неге? Кәсіби актерлерде бір-екі дубльден болды. Одан кейін сын, намыс деген нәрсе бар. Камераның ар жағында өзің сияқты әріптестерің саған қарап отырған кезде, сен қателесуге, сәл босаңсуға ешқандай хақың жоқ.
«Шынайы тұрмысты көрсететін кинотуындылардың әрдайым көрермені де көп болады» деген сенімде Агенттік басшылары.
Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары:
- Соңғы жылдары «Хабар» арнасының сериалдарын ютуб желісі, түрлі телеарналардың сатып алуы арқылы көрші Өзбекстан, Қырғызстанның көрермендері көріп жүргенін ескерсек, бұл жоба тек отандық көрермендер арасында ғана емес, басқа мемлекеттердің аудиториясы тарапынан да жоғарғы бағаға ие болады деген сенімдеміз.
Сонымен 11 қарашадан бастап «Армандастар» телехикаясын «Хабар» телеарнасынан дүйсенбі-жұма аралығында кешкі сағат 20:10-да көре аласыздар!
Авторлары: Алуа Маханбет, Эдуард Кон