Халықаралық додада Ержан Максим көпшілікті тың туындымен таңғалдырмақ
Бәлкім естіген шығарсыз. Ал оны кім, қалай жазғанын бірі білсе, бірі білмес. Шырқалатын ән кездейсоқ таңдап алынған жоқ. Бұл өлең жолдарында қайталанбас тарихтың ізі жатыр. Жас таланттың үлкен өнерге қадам басқан кезі тұтастай бір картинада суреттеледі. Сонымен өнерпаздың өрелі өнеріне тәнті болып, Польшада шырқалатын әннің сөзі мен әнін жазған кімдер болды?
Кез-келген композицияны орындау үшін, көрермен алдына шығу аздық етеді. Мұны өнер майталмандары жақсы біледі. Сондықтан болар әр ақын, жүрегін жарып шыққан туындысын өзі таңдаған әншісіне ғана ұсынады. Бірақ бұл жолы,Ержан орындайтын әннің мәтінінен бұрын музыкасы дүниеге келді. Себебі, тұлпардай баптап қазақ елінің атынан бәйгеге қосқалы отырған шабандозымыздың дауысын әлемге таныту маңызды болды. Жас композитор Хамит Шанғалиев: әуен орындаушының жасына сәйкес келеді әрі дауыс ерекшелігін көрсетуге мүмкіндік беретінін айтады.
Хамит Шанғалиев, композитор:
- Бұл ән өте ыңғайлы. Диапазонын, дауыстың мүмкіншілігін көрсетуге өте ыңғайлы ән болып шықты. Соны таңдадық. «Disney» мультфильм стилінде деп жатыр бәрі. Арнайы сол стильді таңдап алдық. Өйткені жай бір октавалық қарпайым муызка болып қалмасын деп ойладық.
Шын талантқа тұсау жоқ. Айтыскер Данияр Алдаберген әннің сөзін бір сағатта жазып шыққан. Талантты ақын Ержанның жасын ескеріп, оның бозбала бола тұра жарты әлемге танылып үлгергендігін назарға алды. Жасы кіші болса да, бел шешіп, бірталай істі тындырды. Қатар шауып жүрген үзеңгілестеріне үлгі бола білді. Арманына нық қадам жасай алды. Осыны есепке алған ақын жүрегі арғымақша тулап сала берді.
Данияр Алдаберген, ақын:
- Негізі музыканың түріне де байланысты, кейде қиын болып жатады. Сазы мен ырғағы көңілге қонбайтын сәттер де болады. Осы жолы ән көңілімнен шыққаннан кейін, бір-ақ сағатта әннің мәтіні дайын болды.
Балалар арасындағы биылғы «Junior Eurovision-2019» байқауы 24 қараша күні Польшаның Гливице шаһарында өтпек. Елдің үкілеген үміті Ержан Максим жарыс жолында ел намысын қолдан бермеу үшін барын салатыны белгілі. Айта кетейік, тартысты доданы «Хабар» арнасы тікелей эфирден көрсетеді.
Авторы: Бірлік Берікұлы