Ержан Максим Польшада өтетін «Junior Eurovision 2019» ән байқауына аттанады
Оған қатысу үшін Ержан Максим Польшаға аттанбақ. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Хабар» Агенттігінде ұйымдастыру штабы құрылды. Жас талант баспасөз мәжілісін өткізді. 19 елдің өнерпазы қатысатын өнер додасының жеңімпазы дауыс беру арқылы анықталады. «Хабар» арнасы сайысты тікелей эфирде көрсетеді. Күллі түркі әлемі атынан сайысқа түсетін өнерлі өренге тек сәттілік тілейміз!
Оның жасы небәрі 12-де. Дегенмен Ержан Максим деген есімге елең етпейтін адам жоқ. Соған қарамастан, оның бойында әлі де қазақы балаға тән ұяңдық бар. Бұл бәлкім сахнадан тысқары еркелігі де болар. Өзі ұяң болса да, дауысы сондай зор жас талант алыс-жақын шетелдерді түгел тәнті етіп үлгерді. Ендігі бағыт – Еуропа. Біздің Ержан бір елдің ғана емес, күллі түркі әлемінің намысын қорғау үшін Польшаға аттанады.
Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы:
- Негізінен Еуропалық одақ елдерінің өкілдері қатысады. Айта кетерлігі, Ержан бүкіл түркі әлемнің атынан өнер көрсетеді. Себебі Әзербайжан мен Түркия биыл өз кандидаттарын қатыстырмайды. Сондықтан біз оған үлкен үміт артып отырмыз. Сарапшылар оның мүмкіндігін жоғары бағалап отыр.
18 қараша күні «Junior Eurovision» музыкалық байқауының ашылу рәсімі өтіп, жас әншілер арасында жеребе тартылады. Сол арқылы Ержанның «Арманыңнан қалма» әнімен сахнаға шығатын реттік нөмірі анықталады.
Ержан Максим, «Junior Eurovision 2019» ән байқауына қатысушы:
- Көп конкурсқа барғанда маған әрдайым «6» саны түсетін. Енді қандай сан түсетінін білмеймін. «6» саны түсетін жерде әрдайым жүлде алып жүремін.
«Junior Eurovision» – белгілі әрі беделді ән байқауы. Сондықтан бәсеке мықты. Ержан Максим 19 жас әншінің арасында бақ сынайды. Айта кетейік, Қазақстан бұл байқауға биыл екінші рет қатысқалы отыр. Жас әншілер жарысын «Хабар» телеарнасынан көре аласыздар.
Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары:
- Бұл байқау біздің елімізді біріктіретін, Қазақстанды әлемге танытатын халықаралық имидждік шара болғандықтан, ел, жұрт, халық екенімізді осындай дүбірлі додаларда көрсетуіміз керек деген ойдамыз. Тағы да қайталап өтейін, тікелей эфирде «Junior Eurovision» байқауының ақтық сыны 24 қараша күні 21:00-да «Хабар» арнасынан көрсетіледі.
Дауыс беру 22 қараша түнгі 00:00-де басталады. 24 қараша күні кешке өтетін гала-концерттің соңына дейін https://junioreurovision.tv/ сайтына кіріп, дауыс беруге мүмкіндік бар. Дауыс берушінің Қазақстан азаматы болуы шарт емес. Сонымен 10 күннен соң Ержан дирижердің стаканын сындырып қана емес, күллі Еуропа елін өнерімен тәнті етіп келеді деген сеніміміз бар.
Авторы: Гүлжан Марқабаева