Журналистер арасында бильярдтан «Khabar Cup-2019» сайысы өтті
Республикалық сайысқа БАҚ саласының қызметкерлері мен ақпарат айдынының ардагерлері қатысуда. Биылғы додада есімі елге таныс 24 азамат өнер көрсетеді.
Сөз мергендері көз мергендігімен сайысқа түсті. Қаламсап пен микрофон ұстаған журналистер бұл жолы қолдарына ки мен шар алды. Жеребе тартып, топқа бөлінді. Сөйтіп сұрмергендер үстелдегі тасты ептілікпен бірінен соң бірін нысанаға дәлдікпен тоғытты. Бильярдқа қатысқан кіл мықтылар: «Спорттың бұл түрі тілшінің ойлау шеберлігін шыңдай түседі», – дейді.
Қайрат Сақ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультеті деканы:
- Бұл – бір жағынан өнер, бір жағынан спорт. Мұндай үлкен додалар журналистердің шығармашылығын арттырса, екінші жағынан олардың арасындағы достыққа дәнекер болып жатыр. Сондықтан биылғы жиынға да журналистер қауымы жыл бойы дайындалып үлкен үмітпен келіп отыр.
Дәлдікті талап ететін турнирді «Хабар» Агенттігі осымен 5-ші жыл қатарынан ұйымдастырып келеді. Дода еліміздің ең ұлық мейрамы Тәуелсіздік күніне орай өткізіліп отыр. Бұл жолғы бәсекеде 24 әуесқой бақ сынауда. Осылайша тастаяқшылар өздерінің шеберлік деңгейін шыңдап, әріптестік байланысты нығайтуға мүмкіндік алды.
Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- Басты мақсатымыз – журналистердің, қалам мен микрофон ұстаған азаматтардың жұмыстан тыс бейресми жағдайда кездесіп, шүйіркелесуі, шығармашылық жаңалықтармен бөлісіп, тәжірибе алмасуы. Осы тұрғыдан алғанда, бұл турнир пайдалы деп білеміз.
Дәстүрлі тастаяқ турнирі – жалпы руханият әлемінде жүрген азаматтардың өзара достық байланысын арттыратын жарыс. Шаршы тақтада шар қуғандар арасында «Хабар» Агенттігінің» намысын Зейін Әліпбек, Амангелді Сейітхан, Ермұхаммед Мәулен секілді қара қылды қақ жаратын тілшілер қорғамақ. Айта кетейік, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Жандос Сұлтанғазы