«Хабар» Агенттігі Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары «Құрмет» орденінің иегері атанды
Жоғарғы мемлекеттік награданы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев табыстады. Телевизия саласында 20 жылдан астам уақыт жемісті еңбек етіп жүрген Ринат Думанұлы – көрерменнің көңілінен шыққан көптеген ақпараттық-сараптамалық бағдарламаның авторы және аптаның айшықты оқиғаларын баяндайтын «Жеті күн» бағдарламасының жүргізушісі. Сондай-ақ «Қазақпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінің директоры Асқар Омаровқа «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде өткен шарада ақпарат саласының бірқатар қызметкері Үкімет басшысының және министрдің алғыс хаттарын алды.
Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары:
- Мен өзі журналистика факультетінің 1-курсына келіп түсіп, журналистикамен кәсіби түрде айналысып келе жатқаныма 20 жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығындағы бірінші жоғары мемлекеттік наградам екен. Мен бұл тек маған ғана емес, сол журналистика фаультетінде тәрбиелеп, білім берген менің ұстаздарымның еңбегіне, «Хабар» Агенттігінің барлық ұжымына берілген үлкен баға, зор сенім деп ойлаймын. Осындай еңбегімізді елеп, ескерген Мемлекет басшысына, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жетекшілігіне, ұжымына алғыс білдіргім келеді.