+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Мереке күндері «Хабар» телеарнасында бірнеше жобаның тұсауы кесіледі

Khabar
Khabar

Тәуелсіздік мерекесі күндері «Хабар» телеарнасының тапсырысымен арнайы түсірілген «Болмыс» роликтер циклының жалғасы көрсетіледі.

Бұл туындының идеясы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан бастау алған. Сондай-ақ 14 желтоқсан танымал тележүргізуші Қымбат Хангелдинаның «Дорогая Қымбат» бағдарламасының алғашқы көрсетілімі эфирден өтеді.

Бұған дейін «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен Елбасының мақаласында айтылған қазақтың жеті қыры жайында жеті ролик әзірленген болатын. Бірақ тұтас ұлттың болмысы мұнымен шектелмейтіні секілді роликтер циклы да аяқталған жоқ. Бұл жолы қазақтың абызы мен ақсақалы, жары мен келінінің болмысы ашыла түспек.

Нартай Сауданбекұлы, «Болмыс» жобасының сценарисі:

- Негізгі идеясы – қазақтың ұлттық болмысын айшықтау, айқындау. Кейде қазақ өзегінен айырылып бара жатқандай көрінеді. Бұл – ауқымды жоба. Айтар ойы да терең.

Биыл Жастар жылы аяқталды. Бұл оқиғаны телеарна тыс қалдырған жоқ. Осы мереке күндері «Мен жастарға сенемін» атты бейнеклипті тамашалай аласыздар. Авторы мызғымас Мағжан Жұмабаев, ал әні замануи әуезбен қазіргі жастардың талғамын дөп тауып жүрген «Азия» және «Бақай» тобының әншілеріне тиесілі.

Ербол Шарипов, «Азия» тобының әншісі:

- Біз – ұлы азаматтардың ұрпағымыз. Біздің мақсатымыз – артып кеткен сенімді көрсету.

Осы мереке күндері тағы бір бейнеклиптің тұсауы кесіледі. Атақты «МузАрт» тобының мерекелік бейнебаяны «Хабардың» эфирін әрлей түседі. Сондай-ақ 16 желтоқсан – қазақ өнерінің бұлбұлы Бибігүл Төлегенованың туған күні. Осыған орай әншінің концертін тамашалай аласыздар, ал оның ізін ала Бибігүл Төлегенова туралы мерейтойлық деректі фильм көрсетіледі.

Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:

- Тәуелсіздік күнінің таңын арнайы телемарафонмен бастаймыз. Таңғы 09:00-ден түскі 13:00-ге дейін қазақша, орысша 4 сағат біздің Агенттіктің жүргізушілері көрермендерге жақсы көңіл-күй сыйлау үшін және де өткен 28 жылға шегініс жасап, көз тастау үшін жеткен жетістіктерді жеткізіп, әдемі сұхбаттар жүргізеді.

Ал 14 желтоқсан күні сағат 11:30-да «Хабар» телеарнасында жаңа жобаның тұсаукесері! «Дорогая Қымбат» бағдарламасының алғашқы шығарылымы көрерменге жол тартады. Жоба жүргізуішісі танымал қазақстандық журналист, тележүргізуші – Қымбат Хангелдина. Бағдарлама Қазақстанға сапарлап келген атақты адамдардың сыр ақтарар алаңына айналады. Бағдарламаның алғашқы қонақтарының қатарында Украинаның танымал педиатор-дәрігері, жазушы Евгений Комаровский, заманауи Әзербайжан жазушысы Эльчин Сафарли және атақты ресейлік фигурист Илья Авербухтар бар. Бағдарлама әр сенбі сайын сағат 11:30-да көрсетіледі.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Марат Таубаев

Сондай-ақ...

Серіктестердің жаңалықтары

Загрузка...