«Дулати» және «Қаламгер» туындылары көрерменге жол тартады
Қаламгердің қай қоғамда, қай елде болмасын атқаратын жүгі де, жауапкершілігі де зор. Ақын-жазушы атаулы бір ұрпақты ғана емес, тұтас ұлтты тәрбиелейді. Қазақ әдебиетінің нарқасқалары жасаған тұтас бір тарихи кезеңнен сыр шертетін «Қаламгер» телехикаясы, сондай-ақ есімі әлемге мәшһүр тұңғыш тарихшы ғалым, кемеңгер ойшыл, әдебиет зерттеушісі Мұхаммед Хайдар Дулати жайлы телехикая да «Хабар» арнасынан көрерменге жол тартады.
Жетісу жеріндегі ежелгі дулат тайпасы әмірлерінің ұрпағы болған әйгілі тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати туралы да талай аңыз бар. «Хабар» арнасында көрсетілетін «Дулати» телехикаясында ұлы далада әмірші болған текті әулет ұрпағының сан қилы тағдыры баяндалады. ХV-XVI ғасырлардағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы, қалалық және егіншілік мәдениеті сипатталады.
Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:
- «Дулати» телехикаясы – 6 бөлімнен тұратын тарихи драма. Бұл да біздің ұлы даланың ұлы тұлғаларын насихаттау мақсатында елдікті, отансүйгішті дәріптейтін патриоттық жобалардың бірі.
Сөздері сара, істері дара. Өткен ғасырдың 70-жылдары цензураның қысымына қарамай, қазақтың рухани байлығын қорғаған зиялы қауым жайында түсірілген «Қаламгер» телехикаясы көрерменге тарту етіледі. «Қаламгер» көркем фильмі Әнуар Әлімжанов, Тахауи Ахтанов, Ілияс Есенберлин, Асқар Сүлейменов сынды қазақ әдебиетінің нарқасқалары жасаған тарихи деректерге толы.
Оқиға Сәтжан есімді жас жазушының Алматыға келуімен басталады. Фильмде ақын-жазушылардың басынан кешкен жағдайы бас кейіпкер арқылы беріледі. Кинотуынды Жазушылар одағының 85 жылдығына орай түсірілген. Фильмде тіпті 1973 жылы Азия-Африка жазушыларының V конференциясының Алматыда өткені де көрсетіледі. Телехикаяда ғұлама ғалым Әл-Фарабидің дәлелденген сәті де бар.
Дулат Исабеков, «Қаламгер» көркем фильмінің бас кеңесшісі, жазушы, драматург:
- Менің жан дүниемді тебірентіп жіберді. Көптеген детальды өзім қостым. Мысалы, «Ұстаздың оралуы». Ташкент өткізейін деп жатқанда Әл-Фарабиді Алматыға тартып алып келуі – Әнуар Әлімжановтың арқасы. Мұны көп біле бермейді.
Әйгілі жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Әдебиет ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды» деген керемет сөзі бар. Әдебиет тарихына көз жүгірткен толықметражды фильм «Хабар» арнасынан көрсетіледі.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Қанат Әбілдин