Ержан Максим Лондонда өнер көрсетті
«Миллбанк Тауэр»-дің қосалқы бөлмелерінің бірі. Ұлттық киім киген қызметкерлер қонақтарды күтіп алып жатыр. Келушілер жас талант Ержан Максимнің өнерін тамашалауға асық. Жас әнші қазақстандықтарды ұлттық мерекемен құттықтап, ел тәуелсіздігінің 28 жылы екі ел үшін де жемісті болғандығын жеткізді.
Майкл Гиффорд, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі:
- Ұлыбритания және Қазақстанның қарым-қатынасы біз үшін өте маңызды. Бұл – Орталық Азиядағы ең елеулі нарық. Осы жылы біз елдеріңізге шамамен 2,3 слрд стерлинг фунттың тауарын экспорттадық. Біз – Қазақстандағы көлемі жағынан ең ірі 6-ыншы инвестормыз. Бірақ тек сауда-экономикалық әріптестік қана емес, мәдени алмасу және адами қарым-қатынас та маңызды. Бүгінгі Ұлттық мереке – соның айқын айғағы.
Бұл күні Ержан Максимнің өнері британиялықтар үшін нағыз мәдени жаңалық болды. «Junior Eurovision» – Ұлыбритания үшін аса танымал байқау емес. Бірақ қонақтар әнші жайлы хабардар болып шықты. Әсем дауысты жас дарын да көптің көңілінен шығып, өнерімен таңдай қақтырды.
Ержан Максим, әнші:
- Құрметті қазақстандықтар! Сіздерді келіп жеткен бүгінгі тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Әрқашан аман болыңыздар! Күліп-ойнап жүре беріңіздер! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Мәдени бағдарламаны қазақтың ұлттық тағамдары толықтырды. Қонақтарға сарқыт та үлестірілді. Сөйтіп Қазақстанның тәуелсіздік тойына жиылған жұрт үйлеріне Алматының апортын алып қайтты.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы