Хабар телеарнасы

Отан қорғаушы күні мен ҰОC Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери Парад

Отан қорғаушы күні мен ҰОC Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери Парад

Парадқа 5 мыңға жуық әскер, 200-ге жуық қару-жарақ пен әскери техника, әскери авиацияның 70 ұшағы мен тікұшағы жұмылдырылды.  Сонымен қатар ҚР Қарулы күштерінің техникасынан тыс, Ұлы Отан соғысы уақытындағы армия мен қару-жарақ түрлері де көрсетілді. Парадтағы жаяу тізбектер шеруін армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің барабаншылар ротасы ашты.  Олардың соңына ілесе Ұлы Отан соғысы уақытындағы әскери киім үлгісіндегі үш парадтық топ жүріп өтті. Және бірінші топ Ұлы Отан соғысы кезінде құрамында біздің жерлестеріміз соғысқан 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгерлік туының көшірмесін ұстап шықты.  

Салтанатты сапты Қорғаныс министрлігінің, Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің және Әскери-теңіз күштерінің офицерлерінен құралған парадтық топтар жалғастырды. Аэроұтқыр әскерлерінің, теңіз жаяу әскерлерінің, бітімгершілік күштерінің, арнайы мақсаттағы роталар, әскери қыз-келіншектерден құралған роталар, әскери полиция роталары да парадта сап түзеді. Шеруде ерекше авиашоу көрсетілді. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай авиаторлар әуеде 70 санын түзеп ұшты.  Шеру барысында осыдан 23 жыл бұрын құрылған Қазақстан әскерінің қуатты күшін айқын аңғаруға болады. Отандастарымызды қос мерекемен ҚР-ның Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады.

 

ТОЛЫҒЫРАҚ