Студенттер «Хабар» арнасында қонақта болды
Бұл жиын шәкірттердің өндіріс күші орналасқан ғимарат ішімен танысып, білімін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды.
«Хабар» Агенттігі мен Қазақ Ұлттық университеті болашақ маман иелерінің теориялық білімін практикамен ұштастыру арқылы кәсіби біліктілігін арттыруды көздеп, арнайы Меморандумға қол қойған. Жоспардың орындалу барысында мұндай іс-шаралар «Хабарда» жыл сайын өткізіледі.
Биыл – «Хабар» арнасы үшін айрықша жыл. Агенттіктің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Бүгінде құрамында төрт телеарнаны біріктірген ірі медиа-холдингке айналған. Қазақстандағы ең танымал журналистер алғаш еңбек жолын дәл осы «Хабар» арнасынан бастады. Кейбірі арнаның негізі қаланған сәттен бастап қазіргі уақытқа дейін қызмет атқарып келеді.
Экскурсиялық бағдарлама аясында студенттер телевизия әлемінің кадрдан тыс өмірімен танысуға мүмкіндік алды. Түрлі бағыттағы мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті. Мысалы, визажист тележүргізушінің бетін әрлеудегі маңызы мен қызықты жұмысының қыр-сырымен толыққанды таныстырды.
Танымал тележурналистер Светлана Тараканова мен Қымбат Хангелдина телевизиялық журналистиканың ерекшеліктерімен бөлісті. Айшықты ақпарат алдымен түрлі кәсіби кадрлардың басын біріктірген командалық жұмыстың нәтижесі екендігін атап өтті. Студенттердің сан қилы сұрақтарына жауап беріп, ашық пікір алмасты.
Журналистика факультетінің білімгерлері бағдарламаның қалай жасалатынын көзбен көріп, тәжірибелік деңгейде сабақ алды. Студенттер «Білім және Мәдениет» арнасынан көрсетілетін «Золотая середина» бағдарламасының түсіріліміне белсенді қатысты. Шығармашылық топ сценарийдің жазылуынан бастап, оператор, жарық қоюшының жұмысына дейінгі маңызды детальдармен таныстырды. Танымдық экскурсияға 50-ден астам студент қатысты.