ЕҰУ-да «Хабар» Агенттігінің» аудиториясы ашылмақ
Алғашқы боп сөз кезегін оқу орнының ректоры Ерлан Сыдықов алды. «20 жылдық тарихы бар телеарнамен төл құрдаспыз. Мамыр айында Ұлттық университетке де 20 жыл толғалы отыр. Сондай-ақ біз шәкірттердің біліктіліктілігін арттыру мақсатында телеарнамен тығыз байланыс орнататын, ғылыми зерттеу жүргізетін аудитория ашпақпыз. Әрі ол «Хабар» арнасының аудиториясы» деп аталмақ», – деді өз сөзінде Ерлан Батташұлы.
Жылы жүздесу әрі қарай телеарнаның жас көрермендеріне «Хабардың» тағылымы мол тарихы жайында баяндайтын роликті тамашалаумен жалғасты. Мұнан соң Басқарма төрағасы Айдос Ыдырысұлы сөз алып, болашақ маман иелеріне 20 жыл бойына эфирде үздіксіз ақпар таратқан еліміздің басты арнасы жайында мағлұмат жеткізді.
«Аталмыш аудитория «Хабар» арнасының болашақ кадрларын дайындайтын шеберханаға айналса, бұл сіздер үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Ең маңызды капитал ол – сапалы маман. Осы орайда ақпарат айдынына білікті кадр дайындап, өз үлестерін қосқан университет ұжымының еңбегі ерен екенін атап өткім келеді», – деді «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Айдос Үкібаев. Сонымен бірге Басқарма төрағасы «Хабар» арнасының атынан сыйлық табыстады.
Айта кетейік, жиын барысында арнамыздың журналистері студенттерге арнайы дәріс оқитын болады. Арна жүргізушісі Ғани Жәпішов студенттерге «ТВ және жаңалықтар» тақырыбында ой бөліспек.
Ал ертең, яғни 7 қазанда «Бағдарламалар өндірісі. Редакторлар ерекшеліктері» тақырыбында Білім және Мәдениет телеарнасының продюсер міндетін атқарушы Жанұзақ Мүсәпір және арнаның бас редакторы Бауыржан Шамшат дәріс оқитын болады.
Авторлары: Сымбат Баймырзаева, Айгүл Жұбаныш
Фото: Амангелді Досымов