Хабар телеарнасы

Айдос Үкібай, «Хабар» Агенттігінің Басқарма Төрағасы: Ақпарат айдынындағы 20 жыл

Айдос Үкібай, «Хабар» Агенттігінің Басқарма Төрағасы: Ақпарат айдынындағы 20 жыл

Оған қоса, жаңа телевизиялық маусымда еліміздің бас арнасы жарқын жобалармен көрерменін таңғалдырып жатқаны тағы бар. 20 жыл ішінде алып Агенттік тек ақпараттық холдинг қана емес, үлкен қоғамдық-саяси орталыққа айналып үлгерді. Осы және басқа да маңызды мәселелерге қатысты сұрақтарымызды біз «Хабар» Агенттігінің Басқарма Төрағасы Айдос Үкібаевқа қойған едік. 

-Айдос Ыдырысұлы, сіз 18 жылдан бері табан аудармай, «Хабар» арнасында табанды қызмет етіп келесіз. Журналистикадағы жолыңызды осы ұжымда қарапайым тілшіліктен бастапсыз. Кейінгі 4 жылдан бері тұтас Агенттіктің төрағасысыз. Шаршаған жоқсыз ба?

–«Хабар» – менің екінші үйім. Ал үйден, ондағы ұйымшыл, ұжымшыл отбасыдай болып кеткен әріптестерімнен, қызық шығармашылық процестен қажыған адамды әлі көрген емеспін. 

–Осылай жауап береріңізді біліп едік. Биылғы жаңа маусымға жақсылап дайындалғандарыңыз көрініп тұр. Ненің екпіні? 

–Иә, ол рас. Тек биылғы емес, біз әр маусымға тыңғылықты дайындаламыз. Журналист дегенде, оны диқанмен салыстырғым келіп тұрады. Сол диқанның жыл он екі айда бір сәті болады. Қыстың қытымыр аязынан кейін, күн қызып, жер бусанғанда, ол да басқалар сияқты немересін алып, құдасына барып, рахаттанып қыдырғысы келеді. Бірақ дәл сол уақытта диқандар шаруаның бәрін тастап, жерге жабысады. Бар болғаны 10 күн. 10 күнді қапы жібермей, егініңді егіп қойсаң, кейінгі несібең дайын. Біздің телевизияда да сондай. Әрбір телевизиялық маусым – біз үшін әлгі диқанның он күніндей көрерменіміздің сенімін бекітіп, ықыласын оятып алуға таптырмас мүмкіндік, толассыз науқан. 

–Агентікке қарасты арналар жаңа маусымға қандай тосынсыйлар әзірледі? 

–Өткен жылдары көпшіліктің көзайымына айналып, ел бойынша ең жоғары рейтинг жинаған «Бенефис-шоу» жобасы мен «Ду-думан» әзіл-сықақ бағдарламасының жаңа маусымы басталды. Биылғы маусымда мектеп оқушыларына арналған «Я – чемпион» атты ойын-сауықтық бағдарлама жарық көрді. Бұл – «Нұр Отан» партиясымен бірлескен жобамыз. «Жанды дауыс» музыкалық шоуына көрермендер тарапынан да қызығушылық жоғары. Осы айда қарапайым қазақстандықтардың ойлап жүрген армандарын орындауға көмектесетін «Арман қанатында» атты әлеуметтік-имидж¬дік жобасы көрерменге жол тартпақ. Танымал мәдениет және ғылым қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын арқау еткен «Тағдыр жолы» атты деректі бағдарламалар циклі да шығуда. Сондай-ақ біздің Агенттікке қарасты «24 KZ», «Білім және Мәдениет», «Kazakh TV» арналары қалыптасқан дәстүрге сәйкес, жаңа маусымға тың дүниелер әзірлеуде. Күзгі маусымда осы арналардың эфирінен «Қазыналы мекен», «Беймәлім Қазақстан», «Өмір жолы», «Жылдар... жырлар», «Жаңа Жібек жолы», «Шынайы өмір» және т.с.с. көптеген тележобалар эфирге шықпақ. 

–«Хабардағы» бұрыннан шығып келе жатқан бағдарламалардың дені уақытын өзгертіп, кейіпкерін күрделендіріп жатыр. Бұл да сол жаңа маусымның қарбаласы ма? 

–Иә, қоғамдық-саяси бағыттағы «Жекпе-жек», «Біздің үй» ток-шоулары, «Орталық Хабар» мен «Арнайы хабар» бағдарламалары журналистік зерттеу жанрын күшейтті. Ирак Елекеев ағамыз жүргізетін «Көзқарас» бағдарламасы сәске уақытынан ауысып, салмақты пікір айтылатын түнгі интеллектуалды-танымдық хабар форматына өтті. Басты арнаның рухани интеграцияны байытатын жобаларға әрдайым ақпараттық қолдау көрсетіп отыратынын да айта кетейін. Биыл алғаш рет халықаралық «Балаturkvision» балалар ән байқауына бас ақпараттық демеуші болсақ, енді желтоқсан айында Ыстамбұлда өтетін ақтық бәсекені көрсететін боламыз. Алда өтетін «Turkvision-2015» байқауын да өнерсүйер қауым тек біздің арнадан тамашалай алады. Біз енді сөздің шыны керек, тек мемлекеттік тілде ақпарат тарататын арна емеспіз. Тіл тазалығын ұстауға міндет қойылып отырған жоқ және біздің бұл тұрғыдағы миссиямыз сәл басқаша. Сіз Қазақстанның көпұлтты, әркімнің тіл, сенім бостандықтарына қол сұғылмайтын және олар Ата заңымызбен қорғалатын мемлекет екеніне келісетін шығарсыз. Әрі десе, нәмі қазақ болғанымен, терісін қырнасаң, ішінен басқа ұлттың ділінде, басқа мәдениеттің ықпалындағы талай қандасымыз тағы бар екеніне де келісерсіз. Қармаққа құртты қыстырған сияқты, мұндай ала-құла контингентті өзгенің алқызыл өніміне, сол өнімнің артындағы идеологиясына, экспансиясына ауып кетпеуі үшін де қазақ тілімен қатар орыс тілін қолдануға тура келеді. Егер біз әзірше қазақ тілінде сөйлемейтін қазақтар мен отандастарымызға мемлекеттік тілмен қатар орыс тілінде де ақпарат беріп, қызмет көрсетпесек, ертең олардың өзге елдердің телеарналарын ғана көретін, бізге жатбауыр субъектілерге айналып шықпасына кім кепіл!? Солай бола тұра, «Хабар» арнасындағы қазақтілді бағдарламалардың үлес салмағы 63-65 пайыздың айналасында. Есіңізде болса, бұл көрсеткіш Отанымыздағы қазіргі қазақ пен өзге ұлыстардың сан пропорциясымен де шамалас. Бастысы, қазақ тіліндегі бағдарламаларға деген сұраныс жылдан-жылға көбейіп келеді және біз соның тамырын баса отырып, санын арттырып жатырмыз. Сондықтан Елбасымыз айтпақшы, «уақыт біздің пайдамызға жұмыс істеп жатыр». Түсінген адамға бұдан артық тоқтам жоқ. Біз шетелдік өнімдер танып отырған құндылықтар саясатын жай ғана көрсеткіміз келмейді. «Сен нағыз қазақсың, бізді көр, ал сенің тілді меңгеруің мүшкіл екен, онда қарайтын арнаңды өзің тап» деген солақай саясат біздің жағдайға келмейді. Бөлу оңай, біріктіру қиын. Қиын болса да, тілді білу-білмеу деңгейіне қарамай, азаматтарымызды ортақ қазақстандық құндылықтар төңірегінде тәрбиелеу – міне, осы бізге артылған миссия.

–«Хабар» арнасы тіл тазалығын сақтамайды, шұбар тілді өнімдер бар» деген сын орынсыз демексіз ғой. Солай ма? 

–Бір ғана мысал келтірейін. Жаңа маусымда сегіз сериал жарық көретін болса, соның тек екеуі ғана қос тілде. Ал қалған телехикаялар таза қазақ тілінде. «Қыз жолы» сериалы, «Көршілер» комедиясы, «Бәсеке» телехикаясы, «Құстар әні», «Ақылдың кілті» фильмдері болсын. 

Мынаны дұрыс түсінейікші, сын сындарлы болса, оны өз басыммен қабылдауға әзірмін. «Хабар» десе, жұрт оны тек жақсы көріп тұруы қажет деген нарциссизм дерті бойымызда жоқ. Бұл «Хабар» Агенттігінде қызмет жасап отырған 1400-ден аса адамның да корпоративтік қылығы деп айта алмас едім. Солай емес пе? Ендеше, сын болсын, бірақ шын болсын. Ал мемлекеттің идеологиясын, сол идеологияның басты ақпараттық қайнар көзі болып отырған арнаның саясатын түсінбей, түсінсе де, түсінбеген сыңай танытып, көпе-көрінеу айып тағып, негізсіз жала жапқан әсіребайбаламшылардың сөзін мен сын деген санатқа жатқыза алмаймын. Сіз де айып етпеңіз, олар да айып етпесін. 

Гегель айтпақшы, «Біз аурумыз және соған өзіміз емшіміз». Талап етейік, бірақ Қазақстанның полиэтникалық жағдайын, Елбасымыздың осыған байланысты жасап отырған майдан қыл суырғандай саясатын да түсінейік те. Мынадай тәмсіл бар еді: сабырлыны жайбасар, ақылдыны аяр, сақты қорқақ көрме деген. Спинозаның өзі «Жек көрме. Түсін!» демей ме? Біз ыстық су ағатын краннан қолдан суық суды ағызып отырған жоқпыз. 

–Биыл «Хабар» арнасы 20 жылдығын атап өткелі отыр. Мерейлі күнге орай не дайындап жатырсыздар? 

–Мерейтойымыздың құрметіне көптеген танымдық хабарлар ұсынатын боламыз. Мысалы, Ұлы Абайдың қара сөздеріне арналған 12 бөлімнен тұратын деректі сериал біздің 20 жылдық тойымызға қарай көрерменімізге ұсынар жауһардың бірі болмақ. «Хабардың» 20 жылдық тарихында із қалдырған тұлғаларымызды түгендеп, арнайы деректі фильм де даярлап отырмыз. Бұл енді эфирге қатыстысы. Ал былайғы «эфирде» іс-шараларды бастап кеттік. 20 жылдығымызға қарай Астанада 20 түп ағаш отырғызудан бастап, футбол турнирін ұйымдастыру, кітап шығару, Еуразия ұлттық университетінде «Хабардың» дәрісханасын ашу деген шаралар толып жатыр. Бірақ бастысы, есте қалатындай тойлау емес қой. Біз өсіп жатырмыз, біз дамып жатырмыз. «EuronewsSA» ақпараттық арнасының бас директоры Майкл Питерстің «Хабар» Агенттігінің үшінші тәуелсіз директоры болуы, Еуроньюспен ұзақмерзімді әріптестікке отыруымыздан бастап корпоративтік басқаруды өзгерту, қызметкерлеріміздің біліктілігін арттыру, креативті дүниелер ұсынуға бет алу – ауыз толтырып айтатын дүние көп, шүкір. Ең негізгісі, «Хабар» өзінің басты саяси, ресми, мемлекеттік жаңалықтарды бірінші таратар ақпараттық орталық деген брэндін сақтап келе жатыр. 

–Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен: Гүл БЕКЗАТ

«Айқын» газеті 

07.10.2015