Елбасының қатысуымен Ұлттық олимпиадалық құрамасын марапаттау рәсімінен арнайы шығарылым
– Біздің спортшыларымыздың Олимпиададағы медальдары, жоғары спорттық нәтижелері мен жетістіктері Қазақстан Тәуелсіздігінің алдағы 25 жылдығына лайықты сый болып саналады. Сіздер біздің еліміздің халықаралық спорттағы мәртебесі биіктігін дәлелдеп, жаттықтырушылар мен жанкүйерлердің ғана емес, барша қазақстандықтардың үмітін ақтадыңыздар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті өткен Олимпиадада біздің құраманың түрлі дәрежедегі 17 медальді иеленгенін атап өтті.
– Бұл – Қазақстанның әлемдік олимпиадалық қозғалысқа қатысу тарихындағы басқа Олимпия ойындарындағы жүлделерден әлдеқайда көп. Ресми емес медальдік есепте біздің олимпиадалық құрама әлемнің 207 елінің спорттық құрамалары ішінде 22-орында тұр. Баршамыз Риодағы Олимпиада тұғырында еліміздің әнұраны 3 рет шырқалып, Туымыздың 3 рет ең биікте желбірегеніне мақтанамыз. Осылайша, боксшы Данияр Елеусінов, суға жүзуден ел тарихындағы тұңғыш чемпион – Дмитрий Баландин, ауыр атлет Нижат Рахимов ерекше жетістіктерге жетіп, Олимпиада жеңімпазы атанды. Олимпиададағы табыстың ортақ қоржынына 5 күміс және 9 қола медаль иегерлері мол олжа салды, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық құраманың жаттықтырушылар құрамына, олимпиадашылардың отбасыларына және барша қазақстандықтарға сайыста қолдау білдіргені үшін, ал спортшыларға – нағыз бәсекеде көрсеткен ерік-жігері мен олимпиадалық даңққа ұмтылысы үшін алғыс айтты.
Қазақстан Президенті Ұлттық құраманың жетістіктері Рио-де-Жанейрода өтетін алдағы ХV жазғы Паралимпия ойындарына қатысатын спортшыларға рух беретінін айтып, оларға табыс пен жоғары нәтиже тіледі.
Елбасы Қазақстанның 25 жыл белесінде әлемдік олимпиадалық қозғалысқа қатысқан атлеттеріміздің көптеген жарқын жеңістерге қол жеткізгенін айтты.
– Қазақстандықтардың 2016 жылғы жеңіп алған марапаттарын қосқанда еліміздің олимпиадалық қазынасындағы медаль саны 69-ға жетті. Біздің елімізде 1992 жылдан бергі жазғы және қысқы Олимпия ойындарында жеңімпаз болған 19 олимпиада чемпионы, 22 күміс және 28 қола медаль иегерлері бар. Бұл жоғары жетістіктер – мемлекеттің тұрақты қамқорлығының және спортты дамытуға жағдай жасаудың нәтижесі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Қазақстан Президенті барша қазақстандықтарды қол жеткен жеңістерімізбен құттықтап, әлемдік спорт биігінде жаңа табысқа жетулеріне тілектестік білдірді.
Сөз сөйлеген Олимпия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және іс-шараға қатысушылар Мемлекет басшысына еліміздегі спорт пен дене тәрбиесін дамыту мәселелеріне ұдайы қолдау көрсетіп, көңіл бөліп отыратыны үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев рәсім барысында олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне мемлекеттік марапаттар тапсырды.