Хабар телеарнасы

«Хабар» агенттігі трансформациялау бойынша жұмыстар жүргізуде

Бүгін арнайы брифингте агенттік Төрайымы Алмагүл Ахметжанова көрермендердің ықыласын аударатын жаңа жобалармен қатар, қызметкерлердің жұмысын бағалау моделі де өзгеретінін айтты. 

Сондай-ақ жылдам, сапалы жаңалық таратып, соны бағдарламалар жасайтын журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру да - бірінші міндет. 

2016 жылы агенттік 500 тілшіні оқытса, 150 қызметкерінің білім-білігін көтермек. Бұл жолы Түркияның тәжірибесіне сүйенбек.

Алмагүл Ахметжанова, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрайымы

-Трансформация аясында қызметкерлердің еңбекақысын төлеу моделі мен олардың еңбегін бағалау жүйесі бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Бұл бар ұжымның шығармашылық ынтасын арттырып, телеөнімнің сапасын жақсарта түседі. Айта кетейін, агенттіктегі әрбір арнаның өзіндік жанрлық стилі қалыптасқан. Халықтың назарын аударатын үлкен өзекті жобалар қолға алынды.

Ал жалпы контент және жаңа маусымдағы өзгерістер жайлы Басқарма Төрайымының орынбасары Ринат Кертаев, «Хабар 24» арнасының директоры Арман Сеитмамыт, «kAZAKH TV» телеарнасының басшысы Андрей Тараков баяндап берді. 

Трансформациялау аясында «24 кз» арнасында ребрендинг жүргізіліп, оған «Хабар 24 » деген атау берілді. Жедел ақпарат тарататын телеарна жаңалық сапасын арттырып қана қоймай, көптеген өзекті жаңа бағдарламалар ашып отыр. 

«KAZAKH TV» мен «Білім және мәдениет» арналары біріктіріліп, эфирге 25 қазанда шығатын болды. 

«Хабар» телеарнасына келсек, жаңалықтар 1 қыркүйектен бері күніне тек 1 рет, яғни қазақшасы 19:00-де, орыс тіліндегісі 21:00-де шығып жүр. 

Осылайша Қорытынды жаңалықтар сараптамалық сипат алмақшы. 

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрайымының орынбасары

-Басты өзгеріс, жаңалықтарды біз ақпараттық-шоу жанрында беруді қолға алып жатырмыз. «Хабар» арнасының «Жеті күн», «Бетпе-бет» хабарлары формасы, форматы өзгеріп, декорациялық безендірілуі өзгеріп, көрерменге ұсыныла бастады.

Арман Сеитмамыт, «Хабар 24» телеарнасының директоры     

-Жаңа маусымда Парламенттің жұмысына қатысты, ішкі істер органдарының жұмысына қатысты, жаңа технологияларда қандай жаңалықтар болып жатыр, мәдениет, экономика салаларына қатысты бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылатын болады.