Алматы қаласында «Өгей жүрек» телехикаясының алдын ала көрсетілімі өтті
Бөтен бала болмайды. Кез келген сәби бақытты болуға лайық. Фильм идеясы осыған негізделген. Әр кадрдан адамдық шынайы қасиеттерді көруге болады.
Жоба продюсері Баян Есентаева «Өгей жүрек» телехикаясының ешкімді де бей-жай қалдырмайтынына сенімді. «Жүректі тебірентер оқиға әрбір жанға үлкен ой салары анық. Әлеуметтік өзекті мәселені көтеріп, халықты жетімдер тағдырына назар аудартқымыз келді. Бұл – актриса ретінде өзім қатыспаған алғашқы телехикая. Актерлік құрам да өте мықты. Барлығы өз рөлдерін жоғары деңгейде алып шықты. Көрермен көңілінен шығамыз деген ойдамын», – дейді танымал продюсер.
«Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсірілген «Өгей жүрек» телехикаясы 12 сериядан тұрады. Басты рөльдегі кейіпкер Бибігүлді әнші, актриса Кәмшат Жолдыбаева сомдайды. Сондай-ақ Азат Сейтметов, Балтабай Сейітмамыт, Майра Омар, Медғат Өмірәлиев сынды талантты актерларды да көре аласыздар.
«Хабар» арнасының директоры Сандуғаш Рахимжанованың айтуынша, телеарна басшылығы әрбір жоба арқылы қазіргі уақытта қоғамда маңызы артып отырған әлеуметтік мәселелерді көтеруді басты мақсат етіп отыр. «Аталмыш телехикая панасыз қалған сәбилер өз қорғаушысын тапса екен деген ниетпен түсірілді. Ізгілікке, мейірімділікке үндейтін «Өгей жүрек» сериалы көрерменге қызықты боларына күмәнім жоқ», - дейді арна директоры.
Сценарий авторы Қуаныш Тоқанов фильмнің соңында бар қиындыққа төзе білген Бибігүлді бақыт жолына түсіреді. Алайда ол бақыттың өтемі қандай еді? Драмалық хикаяны көрермендер «Хабар» арнасынан 19 қыркүйектен бастап, дүйсенбі-жұма аралығы сағат 19.40-та көре алады.
«Өгей жүрек» телехикаясына арналған арнайы парақша ОСЫНДА