Хабар телеарнасы

«Ақылдың кілті. Өмірдастан-2» телеэпопеясы – «Хабар» арнасының тартуы

28 қыркүйек күні Алматы қаласында Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аясында жобаға байланысты баспасөз-конференциясы өтті. Шараға түсіру тобы мен актерлер құрамы қатысып, алдағы премьера және екінші маусымның ерекшелігі, картинаның мәдени маңызы туралы айтып берді. 

Ал 29 қыркүйек күні Астана қаласы Kinopark  кинотеатр желісінде қоғам, мәдениет және саяси қайраткерлер, сонымен қатар журналистер мен блогерлердің қатысуымен телеэпопеяның алдын ала көрсетілімі болды.  

«Бірінші маусым көрермен тарапынан жоғары бағаланды, сондықтан бұл оқиғаның жалғасын түсіруде еш күмән  болмады. Абайдың бай мұрасының шегі жоқ, одан үнемі рухани шабыт алуға болады. Тарихи жобалар көп күшті және қаражатты қажет етеді, алайда нәтижесі тек көркемдік жағынан ғана емес, танымдық жағынан да маңызды», – дейді «Хабар» арнасының директоры Сандуғаш Рахимжанова. 

Телеэпопея Абайдың «Қара сөздерінің» философиясы негізінде түсірілген. Дегенмен ұлы ойшылдың көркем туындыларының тікелей желісіне құрылмаған.

«Абайдың «Қара сөздері» бейнелер мен философиялық ойларға толы. Сондықтан оны кино тіліне айналдыру қиын болды, біз жақсы кино жасау үшін байланыстыру жолдарын іздедік», – дейді картинаның режиссері Мұрат Бидосов. 

12 бөлімнен тұратын алғашқы маусымда 19 ғасырдың әртүрлі кезеңдерінде өмір сүрген үш буынның өмірі туралы көрсетілді.  

Телеэпопеяның екінші маусымы екі пареллель сюжеттік желіге құрылады. Біріншісінде оқиға 19 ғасырда, қазақтың соңғы ханы Кенесары, Қазақ еліндегі көтерілістер төңірегінде өрбиді. Ал  екінші сюжеттік желі бойынша, оқиға 1975 жылдардан басталып, Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарымен аяқталады. 

Фильмнің соңғы нүктесі Абайдың «Қара сөздерінің» философиясымен түйінделіп отырады. Көтерген тақырып пен оқиғалар тізбегі көрерменге ой салып, жүректі шымыр еткізеді. Дәстүр бойынша екінші маусымдағы 20 бөлімнің барлығы да Абайдың «Қара сөздерімен» түйінделіп отырады. 

Ұлы кемеңгердің даналы ойлары ұрпақтар сабақтастығын жалғастыра отырып, уақытқа бағынбайтындығын дәлелдейді.

Басты рөлдерде театр және кино актерлері: Бауыржан Каптағай, Дарxан Сүлейменов, Ербол Идрисов, Әлия Даниярова, Гүлнар Жақұпова, Виталий Куприянов және басқалар. Картинаның режиссері – Мұрат Бидосов. 

«Ақылдың кілті. Өмірдастан-2» 5 қазаннан бастап дүйсенбі-жұма күндері аралығында сағат 19.40-та «Хабар» арнасының эфирінен көрсетіледі.