Хабар телеарнасы

Игіліктерді насихаттаудың несі айып?

Игіліктерді насихаттаудың несі айып?

Келер жылы эфирге шыққанына 20 жыл толатын арнаны расында, кімдер көреді? «Хабар» немен тыныстауда? «Хабар» Агенттігінің Басқарма төрағасы А.Үкібаевты сөзге тарттық.

– «Мемлекеттік арналар мемлекеттік бюджеттен ақша алады. Қаржы тиімсіз жұмсалып жатыр. Оның қайтарымы қайда?» деген тәрізді пікір-сұрақтарды интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілердегі жазбаларда жиі көріп жүрміз. Расында, «Хабардың» қайтарымы немен өлшенеді: жарнамадан түскен табыспен бе, әлде рейтингпен бе? 

– «Хабардың» жұмысының тиімділігін жарнамадан түскен табыспен есептеу дұрыс болмайды, өйткені бұл – коммерциялық өлшем. Мемлекет бізден мұны талап етіп отырған жоқ. Мемлекеттік арнаның жұмысын рейтинг құратын монополист компанияның статистикасына ғана сүйеніп бағалау әділетті ме? Меніңше, жоқ. Себебі рейтинг жүйесі біздің ақпараттық жұмысымыздың толық нәтижесінің көрсеткіші деп айта алмаймын. Және ауылдың, елді мекен тұрғындарының пікірі ескерілмейтін рейтингтің объективтілігіне күмәнмен қарауға рұқсат етіңіз. Анығында, бізге жүктелген міндет – мемлекеттің, Президенттің саясатын халыққа дұрыс жеткізу. Дұрыс жеткізу – жалаң сенсацияға ұрынбай, рейтингтің соңында кетпей, ақпаратты объективті, сенімді көзден беру. Бұл ретте «Хабар» мемлекет саясатын елге тиісті дәрежеде жеткізу миссиясын толығымен орындап отыр деп айта аламын. Қалайша? Қазақстанның кез келген азаматы, «елімізде не болып жатыр» деп біздің арналарды қосса, елдің маңызды ақпаратын сол сәтте-ақ біле алады. Шетелде жүрсе, спутниктік арнамыз, интернет-ресурстарымыз арқылы оған да мүмкіндік бар. Ал өнімнің сапасы – бұл енді талғамның шаруасы. «Хабардың» қай деңгейде екеніне халық өзі бағасын беруі тиіс, біреуге ұнаймыз, біреуге ұнамаймыз. «Хабар» 17 миллион халықтың барлығына ұнап кетті десек, дұрыс болмас және ол міндет те емес. Әйтсе де, төгілген тер, жасалған еңбек өз нәтижесін беріп келеді – еліміздің телевизия саласы жоғары деңгейде алға жылжып барады.

– «Телеарналарда әншілер, шоумендер эфир тізгінін журналистерден тартып алды» деген пікір жиі айтылады. «Хабар» үшін де бұл таңсық құбылыс емес сияқты. Расында, тізгін толығымен әнші-бишілерге кетті ме? 

– Әншілерді тыңдайтын, жақсы көретін көрермен бар. Бір кездері, бізде спорт жұлдыздары да жүргізуші болды. Ел жақсы көрсе, танымал болса, оны неге жүргізуші қылмасқа? Ән мен күйдің, шоудың төңірегіндегі бағдарлама болса, оны неге әнші жүргізбеске? Өйткені ол сол саланы, бір-бірінің сырларын, қырларын біледі, тілін табады. Телевизияның бастапқы миссияларының бірі – көңіл көтеру, осының аясында шоу-бағдарламалар жасайтынымыз рас. Және бұл «Хабардың», біздің телеарналардың ғана жасап отырған жаңалығы емес, үлкен шоуларды танымалдардың жүргізуі – Батыста, көршілес Ресейде бар тәжірибе. Біз саяси жобаларымызды әншілерге жүргізіп отырған жоқпыз, ал шоуларды шоу-бизнесті білетін адам жүргізгені дұрыс емес пе? Мәселе жүргізушінің түйсігінің болуында! Күні кеше өмірден озған Әшірбек Сығай ағамыз арнамызда хабар жүргізді. Өнер, театр, кино саласының майталман маманы еді. Ол кісінің бағдарламасы парасат-пайымы келіскен хабар болды. Өкінішке қарай, ол кісі жүргізген хабар деп өткен шақта айтуға тура келіп отыр. Бірақ осы тақырыпта ол кісінің деңгейінде хабар жүргізе алатын адам кемде-кем. Телевизияны басқарудан бастап, дайын өнімді эфирге шығаруға дейінгі процестерде телевизияның мамандары – білікті редакторлар, режиссерлер, продюсерлер отырғанда,«тізгін кетті» деп айтуға келмес, біз қайсыбір өнер өкілдерінің жүргізуші ретінде біліктілігін ғана пайдаланып отырмыз, ал «тізгін кетіп қалды» деген – басқа нәрсе. 

– Қазір танымдық бағдарламалардың аздығы жиі айтылады. Көрерменді ойландыратын бағдарламалар көбінде сұхбат жанрымен шектеліп қалып жатқандай көрінеді. Қойылымдық деректі циклдар, талдамалы дүниелер тасада қалды ма?

– Біз рейтинг қуып, әйтпесе жарнама ақшасының соңына түсіп кетсек, әрине, шоуларға көбірек назар аударған болар едік. Алайда, «Хабарда» осы баланс керісінше шығар. «Арнайы Хабар», «Бюро расследование», «Орталық Хабардан» бастап, салалық «Ұлт саулығы», «Айбынға» дейін бүгінгі күннің өзекті тақырыптарын көтереді және жанры – ақпараттық-сараптамалық зерттеу бағытында. Жаңа маусымда эфирге шыққан «Біздің үй», «Нүкте» атты ток-шоуларымыздың өзінде тақырыптар – әлеуметтік-қоғамдық. Сондай-ақ өзіңіз жақсы көтеріп отырсыз, біз Қазақстанда кенже қалып отырған документалистика жанрына дамытуға айрық¬ша назар аударып отырмыз. Себебі елімізде қазақ және орыс тілінде ең көп деректі фильмдер жасайтын арна ол – «Хабар». Дінімізге салынып жатқан іріткілер (такфир, жихадизм, таблиғ, т.б.), өзге ағымдарға кетіп жатқан ұрпақ (саентология, йегова, т.б.), халықаралық жағдайларға байланысты («Хаос теориясы. Ауғанстан», «Қырғыз көктемі» және т.б.) тақырыптарға соңғы екі-үш жылдың ішінде, дүркін-дүркін қайта айналып соғып отырмыз.Өмірден өтіп кеткен қазақ мәдениетінің, өнерінің майталмандары, саяси тұлғаларымыз туралы деректі фильмдер циклы бар. Көркем фильмдеріміз де өмірден өткен адамдардың өнегесіне, халық батырларына арналып жатыр. Тіпті жеңіл жанрға кетіп қалдық дегенге келіспеймін, оған біздің эфиріміз дәлел. 

– Әлеуметтік желілердегі мемлекетке, мемлекеттік БАҚ-қа деген негативті пікірлерді кейде сол мемлекеттік БАҚ-тың қызметкерлері тарапынан байқап жатамыз. Мұны қалай бағалауға болады?

– Біреудің көзқарасына баға беру қиын, әрине. Қазір Қазақстанда кез келген ойыңды жаза алатын ашықтық уақыты ғой. Мұндай жазбаларды мемлекеттік БАҚ-тың өкілдерінің жазуы арнаның имиджіне кері әсер етеді. Арнаның өндірісіне араласпаған сырттағы кісілер, жастардың көзқарастарына теріс әсерін тигізуі мүмкін. Әлеуметтік желі – бұл да қоғам, сондықтан елдің алдына шығып сөйлеген адамдардың ішкі жауапкершілігі болуы керек. Мемлекеттік арналардың атына сын айтуды біздің кейбір әріптестеріміз «айтып салдым, жазып салдым» деп, мәртебе санайтын болды. Ешкімге «айтпа, жазба» демейміз, әрине, тек бір нәрсе айтамын: сол сындары дәйекті, дәлелді болса екен. Арнаны көрмей-білмей жатып, хабарларды зерттемей жатып, сын айту – әркімнің парқына, парасатына сын. Осы салада көп жыл жұмыс жасап, істің бүге-шігесін білетін азаматтардың жанашырлықпен ақыл-кеңес айтып, сын айтатындары бар, оны қабылдаймыз, негізсіз көңілге қонбайтын, ақылға сыймайтын пікір айтып, іске алғысыз етіп сынаушылар бар. Бұл – осы салада жұмыс жасап жүрген мыңдаған азаматтардың еңбегін сыйламау, бағаламау деп білемін. Қалай ойлайсыз, сын неге көп? Өйткені біз жұмыс істеп жатырмыз. Бір жағынан, көп адамдардың мүдделеріне маза бермейтін шығармыз, мемлекеттік емес мүдделер болса, әрине, біз оған кереғар келеміз және біз оған тыныш қарап отыра алмаймыз. 

– «Мен «Хабарда» көрсететін Қазақстанда өмір сүргім келеді» дейтін пікір кең таралып кетті. Сіз қай Қазақстанда өмір сүресіз? 

– Сіз тек атыс-шабыс, ұрлық-қарлыққа толы криминалдан тұратын, моральдық құндылықтар жүйесі жойылған, өндірісі мен білім-ғылымы кенжелеген, артта қалған Қазақстанда өмір сүргіңіз келе ме? Әлде, спортшылары елінің атын шығарған, жастары шетелдің озық оқу орындарында білім алып, білікті мамандары қалыптасып келе жатқан, азаматтарымен бірге өсіп-өркендеп жатқан Қазақстанда өмір сүргіңіз келе ме? Осы елдің патриоты ретінде екіншісін таңдар едім және барлық азаматтарды осындай Қазақстанда өмір сүруге, осындай елді бірге көтерісуге шақырар едім. Шындығына келсек, «Хабарда» көрсетіп жатқан дүниелер жалған ба? Біздің журналистер зауыттарды қолдан соғып, «Хабарда» көрсететін өмірді» ауадан алып құрастырып жатыр ма? Еліміздің халықаралық аренадағы саяси, экономикалық, спорттық жетістіктері құр қиял ғана ма? Бар ғой, өмірде. Елімізде орын алған қандайда бір сенсацияны «Хабар» көрсетпеді деп кім айта алады? Біз оны да көрсетеміз, сонымен қатар жүргізіліп жатқан саясаттан да ақпар береміз. «Ананы өлтіріп кетті», «мынаны қырып кетті», «шауып кетті», «балталап кетті» деумен, эфирді толтырып жіберуге болады. Ол – оңай нәрсе. 20 мемлекетте тілшілер қосыны, еліміздің барлық облыс орталықтарында тілшілері мен жылжымалы техникалық стансалары бар, Орта Азиядағы ең үлкен ақпараттық хаб, Қазақстанда ресурсы бойынша бірде-бір БАҚ тең келмейтін «Хабар» Агенттігі үшін – бұл тіпті оңай жол. Алайда біз «телевизия – тәрбие құралы» деген позицияны берік ұстанып, бейәдеп нәрселер арқылы сенсация қуғымыз, сол арқылы рейтинг жиғымыз келмейді.Әрине, негативті нәрселерді, кемшіліктерді іздесек, керемет дамып кеткен Америкадан да табуға болады. Біздің эфирден сыни материалдар жиі шығады, мәселенің шешімінің табылуына әсер еткен репортаждар мен сюжеттер де үнемі беріледі. Бірақ жақсы нәрсенің де бар екені рас қой? Осыны көрсеткен «Хабар» біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. 

– Қазақтілді бағдарламалардың рейтингісі неге төмен? Республиканың басым көпшілігі қазақтілді болып табылатын елде мемлекеттік тілдегі бағдарлама расымен сұранысқа ие емес пе, әлде бұл жерде біз білмейтін кінәрат бар ма?

– Қазақтілді бағдарламалардың рейтингі төмен дегенге мен тіпті келіспеймін. Әлгінде атап өткенімдей, бұл рейтинг жүйесі хабардың сұранысын өлшейтін ең соңғы инстанция деп кім айтты? Қазақтілді бағдарламалардың көрермені – ауылдарда. Ауылды елді мекендерде кабель жоқ, онда көбіне отандық арналарды ғана көрсетеді. Ал ондағы қандастарымыздың бүйрегі қазақы «Хабарға», «Қазақстанға» бұрып тұрады. Рейтинг жүйесін жүргізетін компания өз зерттеулеріне осы контингентті қосса, қазақтілді жобаларға байланысты қазіргіден де көп рейтинг өлшемін көрер еді. Соның өзінде рейтинг өлшейтін соңғы мәліметтерге көз салсақ, мемлекеттік тілдегі хабарлар деңгейінің жылма-жыл өсіп келе жатқанын көреміз. Біз өзіміз де қазақтілді бағдарламалардың сұранысқа ие екеніне көз жеткізіп отырғандықтан, көбірек қазақтілді хабарларға тапсырыс береміз. Аутсорсингтік компаниялар да көбіне мемлекеттік тілдегі жобаларды ұсынуға тырысады. Қоғамдық құбылысты телевизиясыз-ақ байқауға болады. Естеріңізде болса, осыдан 5-6 жыл бұрын Алматы, Астанаға ресейлік жұлдыздар көп келетін, концерт залдарында солардың әртістері жүретін. Қазір қарап отырсаңыз, облыс орталықтарында, Алматы мен Астанада көбіне өз өнерпаздарымыздың шығармашылық кештері, шаралары. Сәл ертеректе коммерциялық арналардың эфирлерінен де көрші елдердің жұлдыздарының кештері көп шығатын. Қазір жағдай өзгерді. Неге? Құдайға шүкір деу керек, қуанышпен айта аламыз, қазақтілді бағдарламаларға сұраныс жоғары. Қоғамда да солай. Сондықтан біз сапасы жоғары қазақтілді бағдарламалар дайындауға тырысуымыз керек. Тырысып жатырмыз да.

– Мультипликацияның атасы Уолт Дисней өз қарамағындағы қызметкердің бәрін жүзбе-жүз танып, мұң-мұқтаждарын тікелей тыңдап отырған деседі. Сіз өз қарамағыңыздағы қызметкерлердің бәрін танисыз ба?

– Бәрін жеке танимын деп айта алмаймын, ұжымды 80%-ға білсем керек, себебі, Агенттік құрамына жаңадан қосылған, жастардан құралған екі бірдей «24.kz», «Білім және мәдениет» арналары бар ғой. «Хабарда» 18 жылдан бері жұмыс істеп келем, өз проблемасын, ұсынысын айтам деген Агенттік қызметкерінің барлығына есігім ашық. Негізінде «Хабар» Агенттігі  үлкен өндіріс ошағы сияқты. Елдегі саяси ақпараттың басты көзі болған «Хабарда» ұзақ жылдардан бері қалыптасқан ұрпақтар сабақтастығы, мектеп бар. Агенттіктің орта және жоғары деңгейлі басшылары, телеотбасы құрамындағы арналардың директорлары – осы ұйымнан өсіп шыққан мамандар. 20 жылдық тарихының ішінде «Хабар» мемлекеттік қызмет, медиа-менеджмент саласында көптеген мамандар берді. Бірнеше ведомстволар мен облыс әкімдіктерінің баспасөз хатшылары – «Хабардың» бұрынғы қызметкерлері. Бұл әрине, өте қуанышты жетістік, дұрыс басқару мектебі болмаса, осындай нәтиже болар ма еді? Біздің ақпараттық мектептен өткен жүздеген мамандарымыз бар, олар бүгінгі «мылтықсыз» майданда шепті ешкімге бермейді деген сенімдемін. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айна ХАСАН

«АЙҚЫН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ГАЗЕТ

24.12.2014 20:23

http://aikyn.kz/articles/view/62889