Хабар телеарнасы

«Хабар» Агенттігі сингапурлық Silver Wolf International компаниясымен келісім жасасты

Азиядағы ең үлкен телефорумда осы құрлықтағы сегіз мемлекеттің павильоны орнатылған.

БЛИЦ:

– Менің білуімше, Қазақстан – өте әдемі ел. Бірақ мен онда әзірге болған жоқпын.

– Шынымды айтсам Қазақстан туралы көп естігенмін, бірақ әлі ол жаққа бару бақыты бұйырмады.

– Ол Азияның ортасы ма?

Енді «Хабар» Агенттігінің телехикаялары мен деректі фильмдері арқылы Азия елдері Қазақстан туралы білетін болады. Осындай келісімге бүгін Сингапурде өткен телефорумда «Хабар» Агенттігі мен «Силвер Вулф» дистрибьюторлық компаниясының басшылары қол қойды.

Сандуғаш Рақымжанова, «Хабар» телеарнасының директоры:

– Телекөрермендердің көбісі жаңа телеөнім іздейді. Ал біздің контентте шығыс пен батыс бірге берілген. Осы компания мен ынтымақтастығымыз сәтті болады деген ойдамыз. Және оны Оңтүстік-Шығыс Азиядағы тоғыз мемелекет те міндетті түрде көреді деп сенеміз.

«Силвер Вулф» компаниясының штаб-пәтері Сингапурда орналасқан. Ол Агенттіктің өнімін Сингапур, Малайзия, Индонезия, Бруней, Вьетнам, Мьянма және тағы басқа елдерге таратады. Компания басшысы Абдул Рашид Будинның пікірінше, азиялықтардың көбісі Қазақстанды Ресеймен шатастыратын көрінеді.

Абдул Рашид Будин, «Silver Wolf International» компаниясының Президенті:

– Осы бағдарлама арқылы Қазақстанды барлық Азия елдеріне танымал еткіміз келеді. Қазір біз дистрюбицияны бастап жатырмыз. Қазақстанның тілі, мәдениеті және халқы туралы деректі фильмдермен қатар ойын-сауықтық бағдарламалар Азияның бірқатар еліне көп мағлұмат береді деген сенімдемін.

«Хабар» өнімінің таратылуы тек Азия елдерімен шектелмейді. Қазірдің өзінде Қазақстанның тарихы мен табиғаты туралы деректі фильмдер және телехикаялар Ресей, Қытай, Малайзия және Моңғолия телекөрермендерінің назарына ұсынылып келеді.