Е.Крылова шайқаста 40 жауынгерді ұрыс даласынан аман алып шыққан
Ол Сталинград түбіндегі сұрапыл шайқас кезінде жараланған 40 жауынгерді ұрыс даласынан аман-сау алып шықты. Екатерина Крылова сұрапыл соғыс өртіне 16 жасында араласты. Фельдшер мамандығын меңгерген қаршадай қыз бірден майдан даласына аттанады. Ол Ішкі істер халық комиссариатына қарасты 10-шы дивизияның құрамында Сталинградты азат етуге атсалысты. «Қалада болған қиян-кескі ұрыстардың бірінде қаруластарымды шабуылға бастап шықтым. Қан майданда қанға біткен күш-қайрат қана жеңіске жетелейді», - дейді қария.
Екатерина Крылова, ҰОС ардагері
-Барлық командирлер қаза тапты. Ал мен шенім бойынша ең үлкенімін. Мұның нені білдіретінін әскерилер жақсы біледі. Сөйтіп жеке құрамға басшылық жасауды өз қолыма алдым. Жау біздің зеңбірекке жақындаған сәтте сарбаздарды қарсы шабуылға көтердім. Олардың зеңбірегін істен шығардық. Бірақ олар да бізді аямай атқылай бастады. Міне, дәл осы шайқаста мен 40 жауынгерді ұрыс даласынан аман алып шықтым. Сол үшін 1942 жылы Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталдым.
Қым-қиғаш ұрыстарда мейірбикелер жауынгер жанына араша болу үшін ылғи алдыңғы шептен табылатын. Жандарын шүберекке түйіп жүретін абзал жандардың жиі оққа ұшатыны да жасырын емес-ті. Бірақ «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген рас екен. Біздің кейіпкеріміз де 3 рет өлім аузынан аман қалды. Бір қызығы, қарша бораған оқ пен оттың ортасында жүріп, бірде-бір рет жарақат алмапты.
Екатерина Крылова, ҰОС ардагері
-Бірде дәл жанымызда бомба жарылды. Ал мен болсам содан пайда болған шұңқырға қарай жүгіріп, жаралыларды сонда таси бастадым. Себебі бомба бір түскен жеріне қайталап түспейді ғой. Сонымен қатар жаудың қай бағытты нысанаға алып жатқанынан да хабардар болу керек.
Майдангер медбике өз әріптестеріне Курск мен Чернигов түбіндегі шайқастары, Висла мен Одер өзенінен өткен кездегі жорық жолдарынан тағылымды естеліктер айтты. Әскери бөлімдегі оқу-жаттығу жиынына келген 50 шақты әскери қызметшінің дені –дәрігерлер.
Серік Омарбаев, ҚР Ұлттық Ұланы әскери медициналық басқармасының басшысы
-Аға ұрпақ өкілдерінің Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлік істерін, олардың Отанға деген шексіз сүйіспеншілігін, әсіресе әскерилер арасында дәріптей түсу қажет. Әрине, әскери дәрігер мамандардың қызметі қазір де тура соғыс кезіндегідей ерекше құрметке лайық болуы тиіс деп санаймын.
Биыл күзде 91-ге толатын қария әлі тың. Сұм соғыстың куәгері әркез тәрбиелік шараларға қатысып, сол бір сұрапыл жылдардың зардабы туралы әңгімелеуден жалыққан емес.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов