ҰОС ардагерлері сарбаздармен кездесіп, ой бөлісті
Алаңға шыққан сарбаздар таңнан кешке дейін дайындықтарын шыңдауда. Әр жасалған адым тәртіп пен жігердің екпіні іспетті. Олар Жеңіс күні шаһар орталығында мерекелік сап түземек. Әскери бөлімге бас сұққан ардагерлер жас жауынгерлердің табандылығын бағалап, бабында жүрулерін талап етті.
Михаил Смоленков, ҰОС ардагері
-Соғыс кезінде аштан қатпау үшін құрғақ азықты өзімізбен бірге алып жүретінбіз. Себебі сарбаздың әлі таусылса, қару ұстауға да шамасы жетпейді. Сол сияқты, сендер де тоқ жүріңдер және тік жүріңдер.
Құрметті меймандар жауынгерлердің жатын орындарын аралап, жақында жеткізілген жаңа техникаларды да көрді. Көз қуанарлық жағдайды жоғары бағалап, келелі әңгіме қозғады. Мұз жастанып, қан кешкен сәттері жастарды ерекше толғантты.
Саламат Қалыбаев, сарбаз
-Бүгінгі болған кездесуде ардагерлер бізге өте үлкен әсер қалдырды. Өздерінің бастан кешкендерін жақсы айтты. Ардагерлерімізді сыйлайық, құрметтейік.
Ұлттық Ұланның командирлері ұрпақтар сабақтастығы әскери өмірде ерекше маңызға ие екенін айтады әрі мұндай кездесулер темір тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді екен.
Бауыржан Әбжанов, ҚР Ұлттық Ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының командирі
-Бірінші кезекте жастардың рухани тәрбиесі. Ардагерлеріміздің өр рухынан титтей де болсын ұшқын тисе, жастар батылырақ, сенімдірек бола түспек.
Күн ұзақ сарбаздардың ортасында болған батыр аталар жас ұрпақтың еңсесін түсірмейтініне сенімді. Меймандар Ұлы Жеңіс мерекесінде қауышқанша амандық тілесіп тарқасты.
Авторлары: Рымбек Қабиден, Салауат Темірболатұлы, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий